Бас жаңалықтар
Алматы тұрғындарына 14,9 млрд теңгенің дәрісі тегін берілді
30 Қыркүйек 2021, 16:45 2908

Алматы тұрғындарына 14,9 млрд теңгенің дәрісі тегін берілді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы 9 айда Алматы тұрғындарына 14,9 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді. 

Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының қалалық филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Филиал директорының айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі бері науқастар бағасы көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін қызметтерді белсенді түрде пайдаланып келеді. Соның ішінде медициналық қызмет көлемі ғана емес, сырқат түрлеріне қарай берілетін дәрі-дәрмек саны да бұрынғыдан бірнеше есе артқан.

Бүгінде МӘМС және тегін медициналық көмек пакеттері шеңберінде 126 түрлі дерт бойынша тегін дәрі-дәрмек беріледі. Оның ішінде коронавирус инфекциясы да бар. Жалпы, 2021 жылы қос пакет шеңберінде Алматы қаласы бойынша пациенттерді амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 19 млрд теңге бөлінген, - дейді филиал басшысы.

Тегін дәрі-дәрмек кімдерге беріледі?

Тегін медициналық көмек пакеті бойынша:

Диспансерлік есепте тұрған Қазақстан азаматтары, ықтиярхаты бар шетел азаматтары 47 түрлі ауру бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

МӘМС пакеті бойынша:

Белгілі бір сырқатына байланысты диспансерлік есепте тұрған, сақтандырылған азаматтар. Сақтандыру пакеті арқылы ересектерге 27 нозология бойынша, балаларға 52 нозология бойынша дәрі тегін беріледі.

Дәрі-дәрмек 18 жасқа толмаған балаларға дәрігер тарапынан диагнозы нақтыланғаннан кейін беріледі.

Тегін дәрі алу үшін, ең алдымен, емханаға тіркелу керек. Диспансерлік бақылауға алынатын сырқаты болса тиісті есепке тұрғаны дұрыс. Учаскелік дәрігер немесе емдеп жатқан салалық маманнан дәрі-дәрмекке рецепт ала алады, - деді Әбілдаев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...