Полицейлер зейнеткерге 1,5 млн теңгесін қайтарып берген жігітке алғыс білдірді

30 Қыркүйек 2021, 16:37
11647
Бөлісу:
Полицейлер зейнеткерге 1,5 млн теңгесін қайтарып берген жігітке алғыс білдірді

Алматы, BAQ.KZ. Алматы ПД бастығының атынан шаһардың 23 жастағы тұрғынына алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді. Бұл туралы Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Такси жүргізушісі 19 қыркүйекте екі қарт әйелді үйіне дейін жеткізіп салады, кейін жолаушылар көлік ішінде көп ақша мен бағалы әшекей салынған шабадан қалдырып кеткенін байқайды.

Әйелдерді тауып, 1,5 млн теңге мен алтын бұйымдарды қайтару үшін жас жігітке бір аптадан астам уақыт қажет болды. Жинаған ақшасының қайтып келетініне үмітін үзген кейуана оған ризашылығын білдірді.

Бұл факт Полиция департаментінің назарынан тыс қалмады. Әлинұр Бекарыс ведомствоға шақырылды. Оны қалалық ПД бастығының орынбасары Әбдуәли Нашарбеков қарсы алып, алғыс хатты табыстады.

Сондай-ақ ол жас жігіттің ата-анасына осындай жағдайда көрсеткен қамқорлығы мен тәрбиесі үшін алғысын білдірді.

Мұндай жауапкершілігі мол жігіттер көп болса екен, сонда мемлекеттің болашағы үшін алаңдамауға болады. Осы әрекетің үшін саған рахмет!, – деді Әбдуәли Нашарбеков.

Өзгелердің жаңалығы