Абайлаңыз, қаржы пирамидасы!

28 Ақпан 2020, 10:46
3122
Бөлісу:
Абайлаңыз, қаржы пирамидасы!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдарды құру және олардың қызметіне әр түрлі алаяқтық схемалар арқылы азаматтарды тарту жағдайларының жиі орын алып жатқандығы жайлы ескертеді.

Оның айқын мысалы ретінде мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы еліміздің барлық өңірлерінде санаулы сағаттарда тарап кеткен "Котел" немесе "Қара касса" ойынын атап өтсек болады.

Алайда бір мезгілде өз тармағына жүздеген сенгіш адамдарды алдап түсірген қаржы пирамидасы күйреп, оны тұрғызуға қатысқандар құр қол қалады.

Сонымен, жұмбақ пирамиданың қызметі қандай және қаржы қақпандарына түспеудің амалы қандай? Қаржы пирамидасы – заңға қайшы инвестициялық қызмет, мұнда алдыңғы қатысушыларға берілетін төлемдер жаңа қатысушылардың қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады. Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оны басқаруға ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Басқаша айтақнда, бұл азаматтардан заңсыз ақша тартып алудың ең белгілі әрі таралып кеткен әдіс. Таңғаларлық жайт, қаржы пирамидасына қосылу әдетте азаматтардың өз еркімен және құқықтық сүйемелдеусіз іске асады. Осылайша, ешкім салынған қаражаттың қайтарып берілуіне кепілдеме бермейді - делінген комитет таратқан ақпаратта.

Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – уәдесіз пайда, үстеме табыс. Жоғары табысты қамтамасыз ету уәдесі тек бір рет ұйымға тарту үшін орындалуы мүмкін, бірақ одан да көп қаражаттан айырып қалу қаупі өте жоғары.

"Екінші белгісі: компания шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспайды. Пирамидалар тауарлық, несиелік, туристтік, құрылыс компаниялары ретінде жасырынады. Алайда, шындап келгенде ескі салымшыларға барлық төлемдер жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді. Үшінші белгісі: мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни, бұл компаниялар жаңадан құрылған, қаржылық есептілікке ие емес, келісімдер жасамайды немесе келісімдер тек ұйымдастырушылардың пайдасые көздеп жасалған әрі ҚР заңнамасына сәйкес келмейді. Пирамиданың төртінші белгісі компанияның тым жан-жақты қызметі болып табылады, сол арқылы компания айқын әрі нақты қызметінің жоқтығын жасырады. Бесінші белгісі: әлеуметтік желілердегі белсенді әрі мезі қылатын жарнама. Осындай жарнаманы тарату "Жарнама туралы" ҚР Заңына сәйкес мүмкін емес болғандықтан, аталмыш заңсыз бизнестің барлығы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен таралады. Алтыншы әрі өте маңызды белгі – қаржы регуляторы лицензиясының болмауы. Кез келген салым егер сыйақының мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілген болса депозит болып саналады - дейді мамандар. 

Халықтан салым алу үшін ҚР Ұлттық банкінің лицензиясы қажет және ол екінші деңгейдегі банктерде бар. 

"ҚР екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы" ҚР Заңына сәйкес банктер халықпен жұмыс жасап, салынған қаражаттың қайта берілуіне кепілдеме береді. Бірақ қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары лицензияны қажет етпейтіндігін мәлімдейді. Құрметті азаматтар! ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті жоғарыда көрсетілген белгілері бар күмәнді ұйымдарға қаражатты салудан бас тартуға шақырады. Егер сізде қаржы пирамидасының қызметіне қатысты болуыңыз жайлы күмәніңіз болса, Комитетке келесі сенім телефондары арқылы хабарласуды сұраймыз: 8 (7172) 708-478, 8 (7172) 709-920 - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы