Бас жаңалықтар
Қарағанды облысының Абай қаласында жаңа спорт кешені ашылады
16 Сәуiр 2019, 08:57 704

Қарағанды облысының Абай қаласында жаңа спорт кешені ашылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының Абай қаласында әлеуметтік маңызы бар нысан бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 320 адамдық су жаңа спорт кешені жаз айының алғашқы күні есігін айқара ашпақ.

Енді Абай қаласының тұрғындары заманауи үлгіде салынған спорт кешенінде денсаулықтарын шыңдайтын болады. Әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруға қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінген. Кешенді салу барысын биліктегілер үнемі бақылауда ұстады, тіпті құрылыс жұмыстары уақытынан бұрын аяқталуға жақын. Абай қаласы әкімдігінің мәліметінше спорт нысаны 1 маусымда пайдаланылуға беріледі.

«Дене шынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысы уақытынан бұрын аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта ғимаратта әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді қала әкімі Бауыржан Асанов.

Спорт кешені қала тұрғындарының әртүрлі спорт түрлерімен айналысып, салауатты өмір салтын сақтауларына септігін тигізбек. Орталықта спорттық-бұқаралық шаралар өткізіліп, қаланың кішкентай тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыруда таптырмас орын болмақ. Нысан заманауи стандарттарға сай салынған. Мұнда ойын залы, күрес, дзюдо сияқты спорт түрлеріне арналған залдар, киім ауыстыруға, душ қабылдауға арналған арнайы бөлмелер де бар.

«Осы жылы облыста 3 дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынады. Оның бірі осы Абай қаласында болса, тағы біреуі Теміртау қаласында және үшіншісі Қарқаралы ауданында салынады. Абай мен Қарқаралыдағы спорт кешендері 320 орындық. Теміртау қаласында меморандум аясында салынатын нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр», - дейді Қарағанды облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, металлургтер қаласы Теміртаудағы денешынықтыру және сауықтыру кешенін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясы өз қаржысына салады. Қалада биылғы жылы бірнеше әлеуметтік нысандар бой көтермек.

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше биыл Қарағанды іргесіндегі Пришахтинск шағын ауданында да дене шынықтыру және сауықтыру орталығы ашылады. Нысан жеке кәсіпкердің қаражатына салынып жатыр. Үш қабатты спорттық-сауықтыру кешенінде бокс, жаттығу залдары, балаларға арналған ойын бөлмесі, 20 метрлік үлкендерге арналған бассейнмен қатар 14 метрлік балалар бассейні де болады. Жаңа спорт кешенінің бір ерекшелігі мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар да спортпен айналыса алады, олар үшін ғимаратта арнайы жеделсаты орнатылады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...