Теміртауда балабақша, емхана, мектеп және спорт кешені салынады

29 Наурыз 2019, 15:42
3086
Бөлісу:
Теміртауда балабақша, емхана, мектеп және спорт кешені салынады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Теміртауда бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне қызмет ететін болады. ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен қалада заманауи стандарттарға сай емхана, балалар бақшасы мен спорт кешені бой көтерсе, су жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Теміртауда 600 балаға шақталған су жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл білім ордасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашпақ.

«Өткен 2018 жылы Теміртаудың 6 мектебінде және «Әлем» балалар мен жасөспірімдер орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы да сегіз мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар қаладағы орта білім беретін тоғыз мектеп пен мектепке дейінгі он бес мекемеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Физика, биология, химия кабинеттері жабдықталды. Қазір мектептерде 16 робототехника зертханалары жұмыс істеп тұр. Биыл тағы да 3 робототехника сыныптары ашылды. Ал қаланың 9-шағын ауданды салынып жатқан мектеп үстіміздегі жылы пайдаланылуға біріледі деп жоспарлануда», - дейді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов.

Теміртаулықтарды қуантатын тағы бір жайт. Биыл қалада 20 мың адамға шақталған емхана, 320 орындық балалар бақшасы мен денешынықтыру және сауықтыру орталығының құрылысы басталады. Бұл әлеуметке пайдалы нысандарды «АрселорМиттар Теміртау» АҚ компаниясы өз қаражатына салмақ. «Салынатын нысандардың барлығы заманауи стандарттарға сай болады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясы әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания. Біз қала мен аймақ тұрғындарының өмір салтын жақсартуға бағытталған шараларды үнемі атқарамыз. ҚР Тұңғыш Президентінің әлеуметтік міндеттер жайлы тапсырмасы біздің компанияның қағидаттарымен сәйкес келеді. Сондықтан да Елбасының теміртаулықтар үшін маңызды нысандарды салу жайлы бастамасын қолға алдық», - дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон.

Сондай-ақ, алдағы жылдары қаланы көгалдандыру мәселесіне жіті көңіл бөлінбек. Теміртауды көгалдандырудың 2010-2030 жылдарға арналған дендрологиялық жоспары құрылған. Ол бойынша қаланың экологиялық жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар атқарылатын болады. 
Өзгелердің жаңалығы