Ақтөбеге тартылған инвестиция көлемі жарты триллионға жетті

15 Ақпан 2019, 19:01
1873
Бөлісу:
Ақтөбеге тартылған инвестиция көлемі жарты триллионға жетті

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеге тартылған инвестициялар құны 500 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен кездесуінде мәлімдеді.

Ақтөбе облысында былтыр тартылған инвестициялардың үштен бір бөлігі шетелден. Өңірге трансұлттық корпорациялар мен өзге де ірі шетелдік компаниялар келуде. Қазір Ақтөбе облысының аумағында жеті трансұлттық компания жұмыс жасайды. Қатарына былтыр Қарғалы ауданында құны 33 млрд. теңге болатын жел электр стансасын салып жатқан Eni және General Electric компаниялары да бар.

«Экономиканың дамуы ең алдымен өндіріске, инвестиция тартуға байланысты. Биыл инвестиция көлемін  Былтырғы инвестиция 516 млрд. теңгені құрады. 2017 жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға артық. Ал, биыл инвестиция көлемін 600 млрд. теңгеден асыруды көздеп отырмыз. Оның ішінде бюджеттен тыс қаржы 90 пайыздан кем болмауы керек. Жеке инвестицияларды да арттыруымыз керек. Сыртқы инвестиция көлемі 38 пайызды құрауы тиіс»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбедегі өңдеуші өнеркәсіптер үлесі қазір 12,5 пайызды құрайды. Биыл 14 пайызға арттыру жоспары қойылған. Өңдеуші ірі инвестициялық жобалар қатарында құны 2 млрд. теңгеге жуық «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-і бар. Кәсіпорын блоктық-жиынтықтамалы жабдықтар шығарады. Маңызды жобалардың бірі - «Gas processing Company» ЖШС-і. Газ өңдейтін кешеннен жергілікті және республикалық бюджетке 7 жыл қатарынан салық түсімі 10 млрд теңгеден асады деп болжанады.

«Тағы бір ең ірі жоба индустриалдық аймақта орналасқан қыш зауыты. Құрылысы жүріп жатқан зауыттың құны 9 млрд. теңге. Онда шамамен 180 жұмыс орыны ашылады. Мемлекет басшысы өңірге келгенде біз индустриалдық аймақ аумағынан арнайы экономикалық аймақ құруға рұқсат беруді сұраған едік. Өкінішке орай, индустриалдық аймақ инвесторлар үшін арнайы жеңілдіктер жасамайды. Қазір мәселе үкіметте қаралып жатыр. Экономикалық аймақ мұнай-химия, металлургия, құрылыс және машина жасау секілді 4 бағыттан құралады»,-деді өңір басшысы.   

Соңғы екі жылда Ақтөбеде 105 млрд. теңгеге 75 кәсіпорын жаңғыртылды. Кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру жұмыстары жандандырылды. Биыл өнеркәсіптің өзінде кемінде 50 кәсіпорынды жаңғыртып, цифрландыру жоспарланған. Кәсіпорындардың еңбек өнімділігі 7% , өнеркәсіп көлемі 14% артады деген сенім бар.

 Әсел АБАТ
Өзгелердің жаңалығы