«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы»

15 Ақпан 2019, 19:58
2876
Бөлісу:
«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы»

Астана, BAQ.KZ. Астанада «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бірлескен экспедициясы қорытындыланды. 

«Биылғы экспедициямызды «Ауыл рухани жаңғырудың қайнар көзі» деп атадық. Өңірлердің барлығында да болдық. Алғаш рет аралағанымызда жүздеген проблемалар алдымыздан атойлап шыққан. Солардың ең бастылары: жол, ауызсу, өз өнімдерін діттеген жерлеріне өткізе алмау, несие алу (мәселен тері, жүн, астық, т.б.). Қазір бұл көкейтесті мәселелердің дені шешілген, кейбіреулері ішінара шешілу үстінде. Осыдан оншақты жыл Батыс өңірлерінде, тіптен Қостанайда және басқа да жерлерде жолдың азабын көрдік. Қазір мүлдем басқаша. Несие алудың пайызы өте жоғары болатын. Қазір субсидия дейсіз бе, басқа да көп жылға берілетін несиелер дейсіз бе, бәрі бар. Ауызсу да жаман емес. Астық өнімдерін өткізудің проблемасы жоқ десе де болады. Әрине, тері, жүн мәселелері әлі толық шешілмей тұр» - дейді экспедицияны ұйымдастырушылар.

Жалпы қазір ауылда тұрып, тіршілік қарекет жасаймын деген адамға жағдай бар.

«Байып, шалқып өмір сүріп жатқандар жетерлік. Бірақ қарап отырсаң олардың көбісі орта жастағы не одан жоғарыдағы жастағылар. Жастар бірен-саран болмаса аз. Неге бұлай? Олар өз ауылдарынан неге жеріп жатыр? Себебі неде? деген сауалдар топтамасы алдыңнан көлденеңдей береді» - дейді олар

Экспедиция мүшелері бұл сауалдарға берілер жауап нұсқаларын да дайындаған.

Тұрғындардың кету себептері:

1. Жұмыссыздық

2. Инфрақұрылымның болмауы

3. Бес түлік малдың азаюы

4. Техниканың жоқтығы

5. Мемлекеттік тараптан қамқорлықтың болмауы

 Жағдай жасалғанда жастар неге ауылға оралғысы келмейді?

1. Тағы да жұмыссыздық

2. Айлықтың аздығы

3. Жемқорлықтың күшеюі

4. Инфрақұрылымның аздығы

5. Қалаға бауыр басуы

 Өткен жылы да «Ауыл рухани жаңғырудың қайнар көзі» деген атпен барлық өңірді аралап шыққан. Алтай мен Атыраудың арасында өткен экспедиция барысында еліміздің 27 жылдағы жетістіктері пысықталып, әлі де шешілуі тиіс мәселелер БАҚ бетінде жарық көрген.

«Экспедиция мақсаты Елбасымыздың саясатын қолдай отырып, еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге, ауылымызды гүлдендіруге үлес қосу» - дейді экспедиция мүшелері.

Астанада өткен шараға «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы