20 қыркүйектен бастап оқушылар мен студенттер қашықтан оқытуға көшірілетіні рас па?

17 Қыркүйек 2021, 16:45
28483
Бөлісу:
20 қыркүйектен бастап оқушылар мен студенттер қашықтан оқытуға көшірілетіні рас па?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. WhatsApp мессенджерінде қазақстандықтар жаңалықтар порталынан түсірілген скриншотты таратуда. Суретте 20 қыркүйектен бастап еліміздің барлық оқушысы мен студенті онлайн режимде оқуға көшетіні туралы жаңалық көрсетілген.

Stopfake.kz хабарлағандай, бұл ақпарат - жалған.

Шын мәнінде, таратылатын сурет графикалық редакторларда өңделген. Қашықтан оқыту форматына көшу туралы хабарламадағы қаріп жаңалықтар порталында қолданылатын қаріптен ерекшеленеді. Сонымен қатар хабарламада стилистикалық қателер бар.

Онлайн оқыту форматына көшу туралы ақпаратты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де жоққа шығарды.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Балалар офлайн режимде оқуда және оқуын жалғастырады. Егер сыныпта коронавирустық инфекция жұқтырған оқушы анықталса, онда тек осы сынып қана екі апталық карантинге жіберіледі. Мектептегі қалған барлық оқушы оқуын дәстүрлі форматта жалғастырады, – деп түсіндірді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Демек қашықтан оқытуға көшу туралы хабарламалар фейк, ал скриншот - қолдан жасалған.

Өзгелердің жаңалығы