BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 341.08 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.46 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.37
Астана:

Нұржамал Үсенбаева, ҚР Халық әртісі, опера әншісі: «Төлеген шенеунік ретінде емес, жолдасым ретінде қолдайды»

- Сіз танымал әнші ғана емессіз, отбасындағы әйелсіз, анасыз. Жалпы, Сіз үшін отбасы бақыты деген неден тұрады? Отбасын бақытты етуде әйелдің ролі қандай?
- Отбасындағы бақыт ең алдымен әйел адамға байланысты. Ол – ана, үйдің берекесі және осы шаңырақтың ұйытқысы. Әйел ақылды болса отбасы берекелі болады. Өз басым үйімде болып жатқан кез-келген жайтқа бей-жай қарамаймын, барлығына көңіл бөлуге тырысамын.
- Таңдау түссе мына екі бақыттың қайсысын таңдар едіңіз: әлемге әйгілі әнші бақыты ма, әлде қарапайым қазақ анасының бақыты ма?
- Бұл қос бақытты екіге бөліп қарамас едім. Әр әйел өзінше бақытты және әр қайсысы бойындағы дарыны мен қасиеттеріне қарай өмірдегі өз жолын таңдайды. Егер ол осы жолдағы мақсатына жетсе – нағыз бақытты әйел деп сол жанды айтар едім. Ал, отбасы мен өнерді қатар алып жүре алса нұр үстіне нұр.
Ешқандай саясатқа, өнерге араласпай-ақ, үйіндегі бала-шағасының ортасында бақытты болып отырған аналарды, келіншектерді білемін. Олар бала тауып, отбасының ұйытқысы болып отыр. Сонымен қатар, үлкен сахнаны өміріне серік еткен бақытты әйелдер де бар. Сол үшін, бұл екі бақытты бөлмей қараған дұрыс шығар.


- Алдымызда көктем мерекесі, яғни қыз-келіншектер мен аналардың әжелердің мейрамы келеді. Жолдасыңыздан қандай сыйлық күтесіз?
- Барлық әйелдер секілді мен де бұл күні жолдасымнан ерекше ықыласты, тосын сый күтемін. Жалпы, Төлеген мені тек мереке күндері ғана таң қалдырмайды, қарапайым күндері де оның маған деген ықыласы ерекше. Ал, 8 наурыз күні тіпті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Егер мен гастрольде жүрмесем тек 8 наурызды ғана емес, барлық мерекені міндетті түрде үйімізде, отбасымен бірге өткіземіз.
- Сіз бүкіл елге танымал өнер адамысыз. Күйеуіңіз Төлеген ағамыз да халық адамы, шенеунік. Айтыңызшы, сіздің танымал әнші болуыңызға ол кісінің көмегі тиді ме?
- Әрине көмегі тиеді. Бірақ, шенеунік ретінде емес, жар ретінде, жолдасым ретінде көмектеседі Төлеген маған. Оның үстіне біз екеуміз де шығармашылықтың адамымыз. Ақыл-кеңесін, қолдауын менен аяған емес және ешқашан қызметін пайдаланып, маған көмектескен емес. Ол мені тұлға ретінде құрметтейді. Өз тарапымнан мен Төлегенге тірек болғым келеді, барынша артық мазаламауға тырысамын.
- Сіздің репертуарыңызда қазақ әндерінен гөрі орыс және өзге де шетел классиктерінің шығармалары көп. Неге қазақ әндерін көп шырқамайсыз?
- Мен опера әншісімін. Осы саланың кәсіби білімін меңгергендіктен негізінен опералық әндерді аудармасыз, өз тілінде орындаймын. Ол итальян, неміс, француз, орыс және қазақ тілдерінде болуы мүмкін. Және айта кетейін, сахнада, театрда мен қазақстандық композиторлардың туындыларын да көп орындайтын әншімін. Қазақтың халық әндерін айтқанды ұнатамын, сондай-ақ, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Темірбек Ержанов, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Мұхтар Қалдаяқов сынды өзге де сазгерлердің туындылары менің репертуарымда бар. Жалпы, эстрадалық әндер же көңілге қонымды, бірақ ол менің жанрым емес.
- Жалпы, кейбір өнер адамдары танымал болудың бірден-бір жолы шетел композиторларының туындыларын орындау деп түсінеді. Сонда, Біржан сал мен Ақан серінің, Мәди мен Сегіз серілердің әндерін айтып танымал болу мүмкін емес пе?
- Әнші өзінің дауысымен танымал болады. Өз дауысына ыңғайлы ән тапса, әрине оның орындалуы да керемет болатыны сөзсіз. Сәйкесінше, әрбір әнші өзінің ырғағына қарап ән айтады, репертуарын жасайды. Сол үшін ешкімді қазақша ән айтпадың деп айыптағым келмейді.
Өз басыма келер болсам, мен көбінесе Біржанның әндерін орындаймын, әсіресе «Ғашығым» деген әнін. Менің дауысыма сай келетіні және тыңдарманға да көп ұнайтыны осы ән. Қазақша әндерді тек Қазақстан аумағында ғана емес, әлем сахналарында да шырқап жүрмін. Нью-Йорктегі әйгілі Карнеги-холл залында да ұлттық әндермен АҚШ халқын таң қалдырғанбыз.


- Сіз Шәмші әндерін нәшіне келтіре орындайсыз. Тіпті әннің табиғаты түрлене түседі. Мұның себебі екеуіңіздің бір топырақтан болуынан емес пе?
- Жылы сөздеріңізге рахмет, әрине. Жалпы, Шәмші әндерін махаббатпен орындамайтын қазақ жоқ шығар жер бетінде?! Сол секілді композитордың шығармашылығын мен де ұнатамын. Оның әндері ырғақты, кез-келген жанның айтуына жеңіл, құлаққа жылы тиеді. Сондықтан мен Шәмші әндерін ерекше ықыласпен орындаймын. Оның үстіне, туған жердің топырағы да бізді байланыстырады.
- Бүгінде опера театрларының ең негізгі проблемаларының бірі – көрермен жинау. Қазақ көрерменінің операға бармау себебі – табиғатына жақын еместігінен деп ойлаймыз. Жаны қалап тұрмағаннан кейін әрине, бармайды. Ал, біз дереу халықты кінәлап шығамыз, өнерді түсінбейді деп. Жалпы, опера қазақ халқына керек өнер ме? Батысқа еліктеушілік емес пе бұл?
- Опера – музыка өнерінің асқар шыңы. Бұл өнерді бір халыққа жақын, екінші халықтың табиғатына келмейді деп айтуға болмайды.
Опера Қазақстанда қырқыншы, елуінші және алпысыншы жылдары әйгілене бастады. Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержановтар бұл кезеңдегі қазақ операсының жұлдызды құрамы болған. Осы тұлғалардың арқасында қазақ операсы көпшілікке таныла бастады. Халық опера тыңдау үшін театрға қарай ағылатын. Ал, мұндай жағымды жайтқа арқау болған бірден-бір себеп – өнерді бұқара арасында насихаттау еді.
Ал, сексенінші және тоқсаныншы жылдары БАҚ операны насихаттауды әлсіретіп алды. Нарық заманында операдан гөрі көңіл көтеретін шараларды дамыту, насихаттау тиімді болатын.
Жалпы, қазақтың өз опералық туындылары бар және біз ешкімге еліктемейміз. Мәселен, «Абай, «Біржан мен Сара», «Қыз Жібек», «Ер-Тарғын», «Махамбет» туындылары өз алдына бір әлем. Біздің операмыз әлем мәдениетінің бір бөлшегі. Ал, мәдениеттердің бірімен-бірі араласуы бүгінгі заманға тән құбылыс, одан қашып кете алмаймсыз. Осылайша, жақсы дүниелер уақыт өте іріктелініп алынады да, көңілге қонбайтынын халық өзі-ақ ұмыт қылады. Бұл тек өнерде емес, қоғамның барлық саласында кездесетін құбылыс.
- Сөз арасында кәсіби опера әншісімін деп айттыңыз. Бірақ, әуесқой әншілер, оның ішіндегі дарынсыздары танымалдылығы жағынан алдарыңызды орап кетіп жатады. Қарапайым қазақ азаматы сізді – Халық әртісін танымауы мүмкін, бірақ «той» әншілерін, олардың репертуарын жатқа біледі. Мұның себебін түсіндіріп бере аласыз ба?
- Ең алдымен бұл әншінің жарнамасына байланысты. Бір әншілердің негізгі мақсаты талантын шыңдау, өнерді игеру, сахнада опералық әндер айту болуы мүмкін. Ал, екіншілері болса бейнеклипті көп түсіріп, тележобаларға қатысуды, барынша танымал болуды мақсат етеді. Мұндай әншілерді күнделікті теледидардан көре бергеннен кейін әрине, халықтың да көзі соған үйреніп, оны нағыз талант санайды.
- Орындалмаған армандарыңыз немесе әттеген-ай деп өкінетін тұстарыңыз бар ма?
- Жоқ.
- Ал, қазір нені армандайсыз?
- Армансыз өмір сүру мүмкін де емес, қызық та емес. Сондықтан менің өз армандарым, жоспарларым бар. Ең алдымен шығармашылығымның 30 жылдығын опералық спектакльдермен, концерттермен өткізсем деймін. Бұл бір жағынан тыңдармандарымның алдындағы есебім де болар еді. Сондай-ақ, «Астана опера» театрының ашылуына қатыссам деген тілегім бар. Астанадан мұндай керемет ғимараттың ашылуы Елбасымыздың классикалық өнерге бей-жай қарамайтындығының белгісі.

 - Бүгінгі тіршілігіңіз жайында айтып берсеңіз... Шәкірттеріңіз бар ма?

- Бүгінгі өміріме көңілім толады. Барға қанағат! Өзімнің сүйікті ісіммен айналысып отырғаным үшін тағдырыма және отбасыма ризамын.
Іс-шаралардың бірінен соң біріне қатысқандықтан уақытым өте тығыз, шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндігім жоқ. Дегенмен, жоспарымда бар. Бірақ, көмек сұрап келген талантты жастардың бетін қайтарған емеспін, үнемі ақыл-кеңесімді айтып отырамын.

- Сұхбатыңызға рахмет! Өнердің биік шыңдарынан көріне беруіңізге тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан Серғали Балажан, BAQ.KZ 

Пікірлер