Непалда жаппай жерлеу басталды: Су тасқыны құрбандары 900-ден асты

Жойқын су тасқыны Непал мен Қытайда жүздеген адамның өмірін қиды. Мыңдаған адам із-түзсіз жоғалып кетті.

 YNA/dpa 31 Тамыз 2026, 16:05
31 Тамыз 2026, 16:05
158
Фото: YNA/dpa

Непалда өткен аптада болған жойқын су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 903 адамға жетті. Табиғи апаттан Непал мен Қытайда қаза тапқандардың расталған жалпы саны кемінде 919 адам болды. Бұл туралы dpa-international басылымы жазды.

Непалдағы табиғи апаттардың салдарын жою органдарының мәліметінше, елде 4 247 адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың арасында 592 шетелдік бар. Ал Қытайда әлі күнге дейін 546 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Құтқарушылар Непалдың зардап шеккен аймақтары мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданының оңтүстік-батысында іздеу жұмыстарын жалғастырып, қаза тапқандардың денелерін шығаруда.

Непал билігінің хабарлауынша, су тасқынынан ең қатты зардап шеккен аумақтардан ондаған шақырым қашықтағы елдің оңтүстігінен де көптеген адамның мәйіті табылған.

Қаза тапқандарды жаппай жерлеу басталды

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Непалда алғашқы құрбандар жаппай қабірлерге жерлене бастаған. Бұл шешім елде пікірталас тудырды. Себебі халқының басым бөлігі индуизмді ұстанатын Непалда марқұмдарды кремациялау дәстүрі кең таралған.

Билік өкілдері мәйіттерді жерлемес бұрын олардың ДНҚ үлгілерін алып, фотосуреттері мен жеке басын анықтауға көмектесетін басқа да деректерді тіркеп жатқанын мәлімдеді. Бұл кейін туыстарына қаза тапқан жақындарын анықтауға мүмкіндік беру үшін жасалуда.

Полиция өкілінің айтуынша, биліктің басты мақсаты – әрбір құрбанды өз отбасына қайтару.

Алайда кей жағдайда мәйіттерді сыртқы белгілері бойынша анықтау мүмкін болмаған. Оның үстіне, кейбір мәйіттер тез ыдырай бастағандықтан, билік оларды жерлемес бұрын ДНҚ үлгілерін алуға мәжбүр болған.

ГЭС-тегі жұмысшыларды іздеу жалғасып жатыр

Осы уақытта Непалдағы құтқарушылардың негізгі күші лай мен қоқыстан қатты зардап шеккен бірнеше гидроэлектр станциясына бағытталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Гималайдағы бірқатар нысандардың туннельдерінде жүздеген жұмысшы қамалып қалуы мүмкін. Құтқару жұмыстарына су деңгейінің көтерілуі мен қолайсыз ауа райы кедергі келтіріп отыр.

Қытайдағы апаттан зардап шеккен аумақта да құтқару жұмыстары жалғасуда. Мамандар ауыр техниканың өтуін қамтамасыз ету үшін маңызды жолдардың бірін қалпына келтіруге тырысып жатыр.

Алайда жаңа көшкіндер мен су тасқыны қаупі жұмыстарды қиындатып отыр. Алдағы күндері өңірде қайтадан жаңбыр жаууы мүмкін деген болжам жасалды.

Еске салсақ, бұған дейін Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 734-ке жеткенін хабарлағанбыз. Із-түзсіз жоғалған 2,5 мыңға жуық адамды іздеу жалғасып жатыр.

Непал Meta мен TikTok-тан су тасқыны туралы жалған видеоларды жоюды талап етті.

Тағы оқи отырыңыз: Қытайдағы жойқын сел: Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айтты 

Непалдағы жойқын апат: Із-түзсіз кеткен қазақстандықтардың саны артты 

500-ден астам адам қаза тапқан су тасқыны: Непалға ЕО 2 млн еуро бөлді 

Наверх