Киев маңындағы Украина әскеріне тиесілі қару-жарақ қоймасына ресейлік дрон соққысы жасалып, салдарынан кемінде 37 адам қаза тапты. 400-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.
ВВС-дің хабарлауынша, соққы жұма күні кешке жасалған. Қоймадағы снарядтар, миналар мен дрондардың жарылуы салдарынан жақын маңдағы ғимараттар, соның ішінде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мекеме зақымданған.
Украина президенті Владимир Зеленский қару-жарақ қоймасының тұрғын үйлерге жақын орналасуын «мүлдем қолайсыз» деп атады. Оның айтуынша, жарылғыш заттарды елді мекенге жақын жерде сақтауға байланысты қызметтік немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Мұндай қойма бұл жерде болмауы керек еді. Жарылғыш заттарды адамдардың жанында сақтағандардың өрескел немқұрайлылығы тексеріледі», – деді Зеленский.
Киев облыстық әскери әкімшілігінің мәліметінше, жарылыстан кемінде 42 адам зардап шеккен, олардың төртеуі – балалар. Буча ауданында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жарылыстан ауылдағы 130-ға жуық үйге зақым келген.
Ресей Қорғаныс министрлігі Киевтің батысындағы оқ-дәрі қоймасына соққы жасалғанын мәлімдеді. Ресей тарапы онда ұзақ қашықтыққа ұшатын дрондарға арналған компоненттер мен ұшыру үдеткіштері сақталғанын алға тартты.
Украина Бас прокуратурасы жарылғыш заттарды тұрғын үйлерге жақын жерде орналастыру мен сақтау заңдылығын тексеріп жатыр. Қойманы осы жерге орналастыру туралы шешім қабылдаған лауазымды тұлғалардың әрекетіне де құқықтық баға берілмек.