Ел үкіметінің мәліметінше, 2 498 адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Олардың арасында 589 шетел азаматы бар.
kathmandupost.com таратқан ақпаратқа сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен аудандарда іздеу жұмыстары мен қаза тапқандардың жеке басын анықтау жалғасып жатыр.
Бхотекоши және Тришули өзендеріндегі жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 734 адамға жетті. Тағы 2 498 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы ел үкіметінің соңғы мәліметтерінде айтылған.
Табиғи апаттар қаупін азайту және төтенше жағдайларды басқару жөніндегі ұлттық басқарма жексенбі күні сағат 09:00-де жариялаған жаңартылған есебінде су тасқынынан зардап шеккен бірнеше ауданда 734 адамның мәйіті мен адам сүйектерінің табылғанын хабарлады.
Ең көп мәйіт Читванда табылған – 259 адам. Одан кейін Шығыс Навалпараси – 184, Батыс Навалпараси – 82, Горкха – 58, Нувакот – 52, Дхадинг – 50, Танахун – 36 және Расува – 13 адам.
Көптеген адамның денесі су тасқыны адамдар мен түрлі қоқыстарды Бхотекоши және Тришули өзендерінің ағысымен алып кеткеннен кейін оқиға орнынан жүздеген шақырым жерден табылған.
Расувада із-түзсіз жоғалғандар саны әсіресе көп. Аудан билігінің мәліметінше, 562 адамның қайда екені белгісіз. Нувакотта 115, Макаванпурда 65 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Жоғалғандар тізімінде гидроэнергетикалық жобаға қатысы бар 933 адам, 589 шетел азаматы және олармен бірге сапарда болған 127 Непал азаматы бар. Сондай-ақ күштік құрылымдардың 85 қызметкері іздестіріліп жатыр. Олардың арасында Непал армиясының 45 әскери қызметшісі, полицияның 27 және Қарулы полиция күштерінің 13 қызметкері бар.
Үкіметтің хабарлауынша, 242 адам жарақат алған. Олардың бір бөлігі әлі ем қабылдап жатса, кейбірі ауруханадан шығарылған.
Зардап шеккен аудандарда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытқа дейін күштік құрылымдар 8 186 адамды құтқарған.
Қаза тапқандар санының көп болуы олардың жеке басын анықтау жұмыстарын да қиындатқан. Әзірге кім екені анықталмаған мәйіттер сақтау және сәйкестендіру үшін түрлі аудандардағы 21 ауруханаға жеткізілді.