Астана сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты іс бойынша жәбірленуші Айнұр Нұрпейісова жауап берді. Ол алған жарақаттары, емделуі және оқиғаның салдары туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нұрпейісованың айтуынша, 2025 жылғы 7 қарашада тексеруден өту үшін Астанаға келген. Келесі күні таңертең әпкесімен бірге үйден шыққан, алайда оқиғаның қалай болғанын есіне түсіре алмайды.
2025 жылғы 7 қарашада тексеруден өту үшін Астанаға келдім. 8 қарашада таңертең әпкем екеуміз үйден шықтық. Одан кейін не болғанын білмеймін, – деді жәбірленуші Нұрпейісова.
Ол елордаға келгенге дейін жұмыс істегенін де айтты.
Үшінші күні күйеуім келіп, мені оятты. Сол кезде ауруханада жатқанымды түсіндім, – деді Айнұр Нұрпейісова.
Оқиға салдарынан әйелдің қабырғалары мен бас сүйегі сынып, басынан жарақат алған.
Ауруханаға түскеннен кейін Нұрпейісова онда 16 күн жатқан. Кейін тағы бір айға жуық Астанада қалып, тексерулерден өткен. Оның айтуынша, Қостанайға оралған соң травматолог, невропатолог және ЛОР дәрігерінің бақылауында ем қабылдауды жалғастырған.
Сотта жәбірленушіден оқиғадан кейін оған қандай да бір көмек көрсетілді ме деген сұрақ қойылды. Нұрпейісова бұл сұраққа теріс жауап берді.
Жоқ, маған ешқандай көмек көрсетілген жоқ, – деді жәбірленуші.
Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты келесі сот отырысы 24 тамызда сағат 10:00-ге белгіленді.