Назарбаев мектебіндегі наразылық: Не үшін қазақ сыныптарына көбірек грант берілмейді?

4 Тамыз 2022, 14:23
4055
Бөлісу:
Назарбаев мектебіндегі наразылық: Не үшін қазақ сыныптарына көбірек грант берілмейді?
Фото: автордан

Елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебіне грант саны қазақ пен орыс сыныбы арасында әділетсіз бөлінді деп бір топ ата-ана наразылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ата-аналар грант алу үшін қазақ тілінде тест тапсырған оқушылардың үлес салмағы орыс тілінде тапсырғандардан жоғары екенін айтады. Алайда грант саны қазақ пен орыс сыныбына теңдей бөлінген.  

Назарбаев мектебіне қазақ тілінен үміткер болған бала саны орыс тілінен 31 пайызға артық, 936 бала. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 75 пайыз қазақша оқиды екен, тек 25 пайыз орысша. Демек, қазақ тіліне грант санын орыс тілімен тең бөлу әділетсіз болып тұр. Біріншіден, бұл – қазақ мемлекеті. Басқа ешқай мемлекет қазақ тілінде оқытуға мүмкіндік бермейді. Қазақ жерінде ғана қазақ тілінде бала оқыта аламыз. Ал орыс тіліне мүмкіндік өте көп, бізде оқымаса да, басқа мемлекеттерде оқу мүмкіндігі бар, - деді грантқа үміткер болған оқушының ата-анасы Қайрат Шаяхметов.

Ата-ана Назарбаев мектебіне грантқа түсу үшін қазақ балалары орыс мектептеріне ауысып жатқан үрдіс барын да айтты. Қызының сыныптасы бір жыл бұрын орыс сыныбына ауысып, қызынан төмен ұпай жинаса да, Назарбаев мектебіне грантқа түскенін мысал ретінде айтты. Ал оның қызы Назарбаев мектебінің грантына үміткер ретінде тест тапсырып, үміткерлердің ішінде 90-орында тұрса да, грантқа іліне алмаған. Оның үстіне биыл қазақ сыныбына грант саны соңғы екі жылдағыдай 96 орын емес, 75 орын ғана бөлінген. Яғни 75 грант қазақ сыныбына, 75 грант орыс сыныбына.   

Назарбаев мектебіндегі наразылық: Не үшін қазақ сыныптарына көбірек грант берілмейді?

Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан, қазақтың саны жылдан жылға көбейіп келе жатқандықтан, қазақтың үздік оқушылары да көбейіп жатыр. Не үшін қазақ сыныптарына көбірек грант берілмейді? Неліктен әлі екінші ұлт қатарында жүрміз? – деп ашынды Қытайдан көшіп келген қандас ата-ана Айжан Төлегетай. 

Айжан Төлегетай миллиардтаған адам тұратын Қытай мемлекетінде балалар тек қытай тілінде оқытылатынын алға тартып, «қазағым» деп Қазақстанға келгенде орыс тілінен қақпайланып қалғанын айтады.     

Өзгелердің жаңалығы