Нұрсұлтан Назарбаев: Бірліктің арқасында ғана жетістікке жетуге болады

1 Мамыр 2019, 11:54
2238
Бөлісу:
Нұрсұлтан Назарбаев: Бірліктің арқасында ғана жетістікке жетуге болады

Нұр-Сұлтан. BAQ.kz тілшісі. Бүгін елордада Қазақстан xалқының бірлігі күніне орай,  Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі!» атты мерекелік кеш өтіп жатыр.

«Құрметті отандастар, қадірлі елорда тұрғындары. Баршаңызды Қазақстан xалқының бірлігі күнімен құттықтаймын!  Ата-бабамыздан қалған «бірлік болса, тірлік болады», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген тәмсіл бар. Осыны негізгі ала отырып, еліміз неше түрлі қиындықтардан өтіп, кең байтақ даламызды бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз Тәуелсіз Қазақстанды құрдық, ата-бабамыздың аңсаған арманын орындадық.Тек бірліктің арқасында ғана жетістікке жетуге болады. Тек бірліктің арқасында ғана мемлекет құруға болады.Тек бірлік ғана мемлекетті қорғай алады» - деді Елбасы.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына «Қазақ елі» алдындағы ашық алаңда «Терра», «Наз», «Тұған жер» хореографиялық ұжымдары, «Алашұлы» тобы, «Z» триосы өнер көрсетуде. Одан бөлек, Сүндет Байғожин, Медет Чотабаев, Зарина Алтынбаева, Маржан Арапбаева және ағайынды Жүгінісовтер секілді опера мен эстрада жұлдыздары бар.

Мерекелік театрландырылған қойылым Нұр-Сұлтан қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасады деп күтілуде. Сонымен қатар, жиналғандар алаңда ұйымдастырылатын белбеу күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен күш сынаса алады. Бұдан басқа, әрбір этно-мәдени бірлестік өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, оларды жайылған ақ дастарқанға қойып, көпшілікке ұсынады. Осы мақсатта алаңда галерея түрінде шатыр конструкциясы орнатылған. Мерекелік дастарқанның ұзындығы 50 метрді құрайды. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара сағат 16:00-ге дейін жалғасады. 

Айта кетейік, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мейрамды еліміз 1996 жылдан бері тойлап келеді. 1995 жылдың 18 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша 1 мамыр  - Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланған еді.  Қазақстанның саяси қайраткерлерінің пікірі бойынша, ұлтаралық және дінаралық келісімнің сақталуы, олар жүргізіп жатқан саясатының басты қағидаларының бірі болып табылады.
Өзгелердің жаңалығы