Нарық активтері соңғы үш жылда 76%-ға өсті

15 Желтоқсан 2021, 10:29
3714
Бөлісу:
Нарық активтері соңғы үш жылда 76%-ға өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңның жобасы бірінші оқылымда қаралды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова заң жобасының негізгі мақсаты туралы айтып берді.

Заң жобасының негізгі мақсаты – сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту. Ол үшін жаңа өнімдер енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі. Заң жобасында 3 Кодекске және 27 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, - деді ол.

Заң жобасы қандай өзгерістерді көздейтініне тоқталды.

Заң жобасының бірінші блогы сақтандыру секторын кешенді дамытуға бағытталған. Сақтандыру секторы сақтандыру активтерінің тұрақты өсуін және жоғары қаржылық орнықтылықты көрсетіп отыр. Нарық активтері соңғы 3 жылда 76%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгені немесе ішкі-жалпы өнімнің 2,3%-ын құрайды, - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Оның сөзінше, заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. 

Бұл мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі аясында жинақтаушы сақтандыру және бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аниутеті. Білім беру жинақтаушы сақтандыру өнімі баланың ЖОО-да оқуына ақы төлеу үшін ақшаны кепілдікпен жинақтауға мүмкіндік береді. Бұл өнім қосымша сақтандыруды қамтамасыз етеді, - деп толықтырды агенттік төрайымы.

 

Өзгелердің жаңалығы