Нарынқол, Кеген аудандарына газ тартылады - Баталов

21 Қараша 2020, 17:10
6218
Бөлісу:
Нарынқол, Кеген аудандарына газ тартылады - Баталов

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданына барған сапарында аталған өңірдің алдағы даму барысы жайлы баяндады.

Нарынқолдың аудан орталығы болып қайта құрылғанына екі жыл толып отыр. 40 мыңдай тұрғыны бар Райымбек ауданына соңғы екі жылда қаладан екі мыңдай адам қайта оралған. Осы екі жылда ауданды дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен 17,9 млрд теңге бөлініпті. Аудан орталығына асфальт жол түсіп, көшелері жарықтандырылған. Оған қоса су құбыры қайта қалпына келтіріліп, жаңа ғимараттар бой көтерген. Тек Нарынқолдың өзінде 111 жаңа үй салынып, бұрын қаңырап бос қалған екі қабатты ғимараттарға қайта жөндеу жұмыстары жасалған. Ал басқа ауылдарда 3 үлкен орта мектеп пен екі медициналық ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

А. Баталов ауданға жасаған іс-сапары барысында Нарынқол ауылында жаңғадан салынған 40-тан астам тұрғын үйдің кітлін тұрғындарға табыстау салтанатына қатысты, сондай-ак «Азаматтарға арналған үкімет» пен аудандық прокуратураның жаңа ғимаратын іске қосты.

Нарынқол, Кеген аудандарына газ тартылады - Баталов

Қазір халықты тыңдайтын мемлекет құрамыз деп жатырмыз, осы тұрғыда елге қызмет көрсететін Ашық әкімдік орталығын салдық. Бүгін міне, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Прокуратура ғимараттары ашылды. Бұған дейін Салық орталығы, Ішкі істер бөлімі, Өрт сөндіру бөлімшесі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кеңселері ашылды. Бұл бөлімшелердің барлығына жұмысқа келген мамандар үшін жаңа үй салып бердік, яғни олар еш алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап отырмыз. Ауылға келген мамандардың 95 пайызы жастар, - деді облыс әкімі.

Жаңадан салынған үйлер арендалық баспана болып саналады, ол қызметкер болсын, көпбалалы ана болсын бәріне солай берілген.

Егер қазір жекеменшікке берсек бұл үйді сатып жіберуі мүмкін, ал біздің арманымыз мамандарға баспана беріп оларды ауылға көшіріп әкелу. Дегенмен болашақта өз атына жекешелендіріп алуына болады, - деді Баталов.

Нарынқол қайта аудан болып құрылған екі жылда ауылға 2 мың жас ауылға қайтып келіп, еңбек етіп жатыр екен әрі көбінің жоғары білімі бар.

А. Баталов сөз арасында келесі жылдан бастап қатар орналасқан Райымбек пен Кеген аудандарына газ тартылатынын атап өтті. Қазір Алматы облысында бес ауданға газ жетпеген, соның екеуі осы аудандар. Осы мәселе бойынша қазір жоба жасалып жатыр, келесі жылы газдандыру жұмысы басталмақ.

Сонымен қатар, ол Қытаймен шектесіп жатқан бұл ауданды көркейту үшін ірі кәсіпкерлерді тартып, кәсіпорындар салу қолға алынып жатқанын жеткізді.

Нарынқол, Кеген аудандарына газ тартылады - Баталов

Алдағы уақытта Нарынқолда мраморлы ет шығаратын өндіріс орыны ашылады. Қазір америкалық Taison Group компаниясымен сол етті экспорттау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өнімді шетелге шығару үшін оның сапасы жоғары әрі дұрыс өңделу керек. Облыста 4 млн-ға жуық ұсақ мал басы бар, ал ірі қара 1,3 млн бас. Ұсақ мал етін өңдеу үшін 100 жылдық тарихы бар Baum деген неміс компаниясын шақырып, келісімшартқа отырдық. Олар Іле ауданында «Жетісу қой» деген зауыт салады. Арабтар қазір біздің қой мен қозының етін аңсап отыр, етті соларға жеткіземіз, - дейді облыс әкімі.

Кәсіпкерлер тарапынан басқа да ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді, оған қоса бұл өңірде бұрыннан картоп егу жақсы жолға қойылған, соны одан әрі жаңғырту қолға алынбақ.

Өткен жылы осында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылды және жүзден астам қазіргі заманға сай техника әпердік. Сондай-ақ, 200 млн теңге бөліп жақсы өнім беретін тұқым қорын жасақтадық. Бұрын шаруалар гектарына 170 центенер картоп өнімін алып келсе, енді 300-ге дейін өнім алу мүмкіндік туып отыр. Осы жылы 6 мың гекатар жерге картоп егіп, 27 мың тонна өнім алды, - дейді А. Баталов.

Сондай-ақ, ол алдағы уақытта картопты суару үшін су қоймалары қалпына келтірілетінін атап өтті.

Су қоймасы жөніндегі жобаны үкіметте таныстырып, қорғап шықтық. Келесі жылы бұл өңірде су қоймасы салынады. Оған қоса облыстағы су қоймаларын қайта қалпына келтіруге жылына 2-3 млрд теңге бөліп отыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, келесі жылы Нарынқолда поликлиника салынып, орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмысы жасалады. Оған қоса осы жердің тумасы, елімізге танымал ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап ақынға ескерткіш қойылмақ.

А. Баталов жаңадан ашылған ғимараттардың ашылуына қатысқан соң ауданда салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, оның сапасына қатысты мердігер компанияларға бірқатар ескертулер жасады.

Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергеновтың айтуынша, биыл аудандағы құрылыс салу жұмыстарына 8 млрд теңге қаражат бөлінген, оның 3 миллиарды «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы аясында іске асқан.

Ауданымызда мемлекеттік мекемелерден басқа 3 мектеп, 2 балабақшаға жөндеу жұмысы жүргізілді және 3 ауылдың су жүйесі қалпына келтіріліп, 6 ауылдың жолы түгелдей жөнделді. Аудандағы 20 ауылдың 13 ауызсумен қамтылған, - дейді аудан әкімі.

Нарынқол аудан орталығы болып қайта құрылғалы жастар қайтып келе бастаған. Оның үстіне биыл пандемияға байланысты қалада жүрген жастардың көбі ауылға келіп, тіршілік етуге көшкен. Олардың көпшілігі ауылда қалсақ деген тілек білдіген. Аудан әкімдігі қаладан оралған жастарды шамалары келгенше жұмыспен қамтып отыр, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндер болса жер телімдерін беруге де әзір.

Аудан әкімі сөз арасында ауылда әлі де маман жетіспеушілігі бар екенін айтты.

Ауылымызда балалар дәрігері, хирург, кәсіпкерлік бөліміне мамандар жетіспейді. Егер осындай мамандық иелері болса ауылда тұрып қызмет етуіне бар жағдайды жасаймыз. Жыл басында жұмыспен қамту орталығында 600-дей адам тіркеуде болса, оның 426-сы қазір жұмыспен қамтылған. Бұлар агроном, механизатор, зоотехник сынды ауыл шаруашылық саласының мамандары, - дейді ауданы әкімі Нұржан Құдайбергенов.

Өзгелердің жаңалығы