Дәрігерлер наразылығына жалған ақпарат түрткі болған

12 Сәуір 2020, 23:55
2597
Бөлісу:
Дәрігерлер наразылығына жалған ақпарат түрткі болған

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық ақ халаттылар арасында жалған ақпарат тарап, осының салдарынан олар наразылықтарын білдірген. Облыстағы жедел штаб тобы мүшелерінің айтуларынша, бұл келеңсіздіктер бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. 

Сонымен қатар аймақта екі науқас қауіпті инфекциядан жазылып шыққан.

Өңірімізде алғаш рет екі науқас емделіп шықты. Олар отбасына оралып, баршамыз да қуанып жатырмыз. Бұл азаматтар уақытша үй карантинінде болып, әлі де дәрігерлердің бақылауында болады. Атырау облысы бойынша 60 науқас тіркеліп отыр. Оның 48-і қаладан, 12-сі Жылыой ауданындағы Теңіз кенішінен анықталды.Өкінішке орай, бұл науқастардың ішінде 16-сы медицина қызметкерлері.Дегенмен олардың қазіргі жағдайы жақсы, емдерін аяқтаған соң жұмыстарына кірісетін болады. Қазір осы індеттің бел ортасында жүрген ақ халаттыларымызға қолдау қажет. Олардың демалыс орындарын ұйымдастыруымыз қажет. Осыған өңірдегі кәсіпкерлеріміздің де ат салысуын сұраймыз. Өйткені кешегі облыстық ауруханада карантиндегі дәрігерлердің де шағымы осы жатын орындарға тікелей байланысты.Бұл туындаған жағдайға орай тексеріс жүргізіледі. Қазір барлық ақ халаттылармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, мәселені бір жақты шештік, - деді Атырау облысы әкімі орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Бұл 60-қа жуық науқаспен жақын қатынаста болғандар саны 693 болса, ықпалды қатынаста 1054 адам болған. Сондай-ақ, провизорлық стационарда 17 адам, карантиндік жатынжайда 333 адам жатыр. Ал 664 адам үйдегі карантинде екен.

Біздің облыста індеттің үш ошағы бар. Олар Атырау облыстық ауруханасы, Теңіз кен орындағы "Ватернас" қалашығы және "Kentesh" компаниясы. Бұл аймақтар жедел түрде оқшауланып, карантинге жабылды. Сондықтан біздің облысымызда вирусты жаппай жұқтыру деректері жоқ, - дейді Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев.

Облыстық ауруханада карантинде жатқан қызметкерлері Махамбет ауданындағы өкпе ауралар ауруханасына көшіреді деген жалған ақпарат тараған. Бұл медициналық мекеме карантиндік орын емес, ол провизорлық стационар.Ол жерге ауыр науқастарды ғана жатқызамыз деп дайындап қойғанбыз. Аурухана қызметкерлерін ол жаққа көшіреді деген қате ақпарат. Қазір қызметкерлермен кездесіп,мәселені шештік. Олар арнайы жатын орындарға орналасты, - деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына үстемелер қосу үшін Атырау облысында 288,7 млн теңге бөлінген. Бұл үстемені 350-ден астам ақ халатты алып үлгерген екен.

Өзгелердің жаңалығы