Мүшайра мәреге жетті

10 Маусым 2022, 10:28
1834
Бөлісу:
Мүшайра мәреге жетті
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімдігінің қолдауымен астананың шаңырақ көтеріп, босаға бекіткеніне 25 жыл толуына орай Сәкен Сейфуллин музейі жариялаған Республикалық аламан жыр бәйгесі мәреге жетті.


Азаттықтың қадірін елін сүйген ерлер ғана терең түсінеді. Сонау көне замандардан бүгінге жалғасқан тіршілігімізде халқымыз орда тұтқан Ордабазар, Баласағұн, Сарайшық, Сауран, Түркістан сияқты талай тарихи қалалар болды. Алайда, Тәуелсіздіктің туын тіге салысымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлан Әбішұлының бастауымен Алатаудан Арқаға көшкен астананың жөні бөлек. Отыз жыл ішінде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Қазақты әлем таныды. Рас, аумалы-төкпелі, билікке өкпелі аласапыран күндер де өтті.  

Тарих бірыңғай жарқын беттерден тұрмайды. Басымыздан өткен отыз жыл өзгенің емес өзіміздің тарихымыз. Оны әділ бағалай білгеніміз жөн. «Жаңа Қазақстан» бүгіннен басталғанымен, кешегі күннің заңды жалғасы.

 Осы тұрғыдан алғанда биылғы жыр додасы да тартысты өтті. Мүшайраға үміткер 60 шығарма түсті. Ақындарымыз соңғы жылдары болып жатқан жағдайларға қарамастан, қиын тақырыптың қиюын тапқандары қуантты. 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы бастаған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағының филиалының директоры, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Түркістан» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы сынды қазылар алқасының құрамы бәйгеге түскен шығармаларды саралай, сараптай  келе жүлдегерлерді анықтады:

Бас жүлдені – елордалық ақын, «Махамбет», «Төлеген Айбергенов» атындағы сыйлықтарының лауреаты Оңайгүл Тұржан «Елордамен сырласу» атты өлеңдер топтамасымен қанжығасына байланды.

Бірінші орынды – елордалық ақын Серікзат Дүйсенғазы «Еңсесі биік Елорда» атты толғауымен еншіледі.

2 екінші орынды – елордалық ақын Жанат Әскербекқызы «Астанам» өлеңдер топтамасымен және Павлодарлық жас ақын Бақберген Дариға «Кенесарының монологы» атты өлеңімен иеленді.

3 үшінші орынды – алматылық ақындар Әсел Оспан «Астананың әз жұрты», Мұратқан Шоқан «Көшең толып жатсын гүлге, күлкіге» топтамасымен, елордалық ақын Ауыт Мұқибек «Елордам менің  - бақ ордам» өлеңімен алды.

5 ынталандыру сыйлығы – көкшетаулық ақын Мұхамед Қонқаев және елордалық ақындар Шерхан Талап, Дүйсенәлі Әлімақын, Мұқият Қойшыбай, Кәдірхан Қизатқа бұйырды.

Жүлдегерлерді марапаттау осы жылы шілденің 1 күні сағат 15:00 де Нұр-Сұлтан қаласы, «Жастар» сарайында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы