Мұхтар Тілеуберді Түркі академиясының президентімен кездесті

11 Наурыз 2022, 17:40
1449
Бөлісу:
Мұхтар Тілеуберді Түркі академиясының президентімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлімен кездесті.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Д.Қыдырәлі Академияның қатысушы елдермен және халықаралық ұйымдармен, атап айтқанда БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО, КОМСТЕК-пен жүргізіліп жатқан жұмысы және ынтымақтастықты дамыту туралы хабардар етті. Ол сондай-ақ Академияның Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына, Нәзір Төреқұловтың 130 жылдығына және Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу жоспарларымен бөлісіп, биыл түркі әлемінің рухани астанасы - Түркістан қаласында Түркологияның дүниежүзілік конгресін өткізуге дайындық барысы туралы хабарлады.

Министр Академияның қатысушы елдердің ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетудегі белсенді жұмысын жоғары бағалады.

Кездесуге Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі И.Адырбек те қатысты.

Түркі академиясы 2010 жылы 25 мамырда Қазақстанның бастамасымен құрылып, қазіргі уақытта түркологияның халықаралық танылған ғылыми орталығына айналды. Академияға мүше елдер: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия. Мажарстан байқаушы мәртебесіне ие. Халықаралық ұйымның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Өзгелердің жаңалығы