Мұхтар Тілеуберді: Биыл қазақ-грек арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд-қа жетті

Мұхтар Тілеуберді: Биыл қазақ-грек арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд-қа жетті
460

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Мұхтар Тілеуберді Грекия мемлекетінің Сыртқы істер министрімен кездесті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Грек Республикасы – біздің Оңтүстік Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптестеріміздің бірі. Биыл біз дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтудеміз. Николаос Дендиас мырза екеуміз ашықтық пен толық өзара түсіністік рухында саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың болашағын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты талқыладық, - деді Мұхтар Тілеуберді.

Айтуынша, биыл екіжақты сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық серпінді болған.

Грекия – біздің негізгі сауда әріптесіміз. 2022 жылдың он айы ішінде Қазақстан мен Грекия арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд-қа жетті, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық. Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығындағы екіжақты ынтымақтастық өте маңызды оқиғалармен есте қалды. 20 маусымда жаңа экономикалық алаң – Қазақстан-Грек Іскер кеңесі өз жұмысын бастады. Бұл іскер топтардың өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға деген өзара қызығушылығының артып отырғанының айғағы, - деді Сыртқы істер министрі.

Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрінің айтуынша, «Эйр Астана» биыл жазғы туристік маусымда Алматы мен Ираклион арасында тікелей рейс ашып, көптеген Қазақстан азаматтары Грекияның Крит аралында демалуға мүмкіндік алды.

Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грек үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысы (19 қазан, Астана) биылғы екіжақты ынтымақтастықта тағы бір маңызды оқиға болды. Отырыс хаттамасы тараптардың сауда, экономика, инвестиция, энергетика, көлік, білім және ғылым салаларындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі негізгі уағдаластықтарын бекітті. Грекияның өкілді делегациясы Үкіметаралық комиссия отырысымен қатар Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел жұмысына да қатысып, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл туралы екіжақты құжаттарға қол қойды.

Қазақстанда тұратын он мың грек диаспорасы халықтарымыз бен мемлекеттерімізді байланыстырып отырған «нағыз көпір» болып саналады. Елде грек дәстүрлері мен әдет-ғұрыпын қолдайтын 17 аймақтық қоғамды қамтитын «Филия» (грекшеден «достық» мағынасын білдіреді) Қазақстан грек қоғамдары ассоциациясы жұмыс істейді, - деді Тілеуберді.

25 қарашада Грекияның Ахарна қаласында Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 
30-жылдығына орай ескерткіш орнатылды.

Бүгін біз елдеріміздің сыртқы саяси мекемелері арасында дипломатиялық қызметкерлерді даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Жалпы, келіссөздердің нәтижелері елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты толық ұлғайтып, кеңейтуге деген өзара мүддені растады. Дендиас мырзаның Қазақстанға ресми сапары Астана мен Афина арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қосымша серпін беретініне сенімдімін, - деді ол. 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Видео: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы