Мүгедектікті анықтау бойынша 18 мыңнан астам өтінім қаралды

24 Мамыр 2022, 10:30
1653
Бөлісу:
Мүгедектікті анықтау бойынша 18 мыңнан астам өтінім қаралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жоба аясында Қазақстанның барлық өңірінен 18,8 мыңнан астам өтінім қаралды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта жобаға 589 медициналық ұйым қосылған.

Пилоттық жоба арқылы 2022 жылы мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай қызмет көрсетуді 20%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Ал қазір бұл көрсеткішке қол жеткізілді, яғни мүгедектігі бар адамдардан 18,8 мыңнан астам өтінім келіп түсті, бұл куәландырылған адамдардың жалпы санының 20,2%-ы. Бүгінде біз осы қызметті проактивті түрде алған тұлғалар санын арттыру бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз, – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды қағазбастылықтан арылтуды,  инстанциялар бойынша жүруін және қызмет көрсетушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.

Осы тапсырманы іске асыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, елдің барлық 17 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске қосты.

Мүгедектік тобын анықтау бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Жалпы, сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- үйден шықпай-ақ мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын айқындау бойынша қызметтер алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.

Өзгелердің жаңалығы