Мүгедектер оңалту құралдарын алу үшін енді жыл сайын өтініш бермейді

12 Наурыз 2021, 12:51
1476
Бөлісу:
Мүгедектер оңалту құралдарын алу үшін енді жыл сайын өтініш бермейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Мүгедектігі бар адамдар aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектіктің барлық мерзіміне бір рет қызметтер мен оңалту құралдарын алуға өтініш береді. 

Бұрынғы мемлекеттік сатып алу жүйесінде болған жыл сайын өтініш беру үрдісі алынып тасталады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. 

«Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы»  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Жаңа редакциядағы бұйрық мемлекеттік бюджет есебінен портал арқылы оңалту құралдары мен қызметтерін алуды реттейді.

Сондай-ақ, құжатта жеке көмекшінің сүйемелдеу парағын және ымдау тілі маманының қызмет көрсету парағын электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы әлеуметтік қызметтер порталында келісу мүмкіндігі регламенттелген.
Техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды жеке таңдау қажеттілігін ескере отырып, бұйрықта олардың түрлері, медициналық көрсеткіштері және оларға қарсы көрсетілімдер жазылған, - делінген хабарламада.

Мысалы, егер бұрын оңалтудың жеке бағдарламасында тек бөлме немесе серуен кресло-арбасын ұсынса, енді олардың саны 5-ке дейін артты (белсенді, көп функциялы, электр жетегі бар, қол, иінтіректі жетегі бар).

Бұдан басқа, «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы»  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Түзетулердің негізгі мақсаты – ескірген құқық нормаларын жою үшін құжатты қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келтіру. Атап айтқанда, «МӘС қорытындысы» және «Пациенттің/мүгедектің оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігі» нысандарының нөмірлері өзгертілді.

Бұдан басқа, көрсетілетін қызметті алушының медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу нәтижелері бойынша құжаттарды (мүгедектігі туралы анықтама, оңалтудың жеке бағдарламасынан үзінді көшірме, жалпы/кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі туралы анықтама және т.б.) электрондық форматта ЭЦҚ немесе бір реттік парольді пайдалана отырып, eGov.kz Электрондық үкімет порталындағы «Жеке кабинет» арқылы алу мүмкіндігі бөлігінде норма енгізілді,- делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы