Мобильді аударымдар тексеріліп жатыр: Қазақстандықтар нені білуі керек?

2026 жылдан бастап мобильді аударымдарға жаңа критерийлер енгізілді.

Бүгiн 2026, 12:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:30
Бүгiн 2026, 12:30
161
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда мобильді аударымдарға бақылау күшейтілді. Алайда барлық азаматтың операциялары тексерілмейді, тек кәсіпкерлік белгілері бар аударымдар ғана назарға алынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кімнің аударымдары тексеріледі?

2026 жылдан бастап тексеріс үш негізгі критерийге негізделеді. Азамат тек осы шарттардың үшеуі қатар орындалғанда ғана бақылауға ілігеді:

  • 100 және одан көп әртүрлі адамнан ақша түссе;
  • бұл жағдай 3 ай қатарынан қайталанса;
  • жалпы сома 1 020 000 теңгеден (12 ең төменгі жалақы) асқан жағдайда.

Яғни үш шарт толық сәйкес келмесе, тексеріс жүргізілмейді.

Қандай аударымдар тексерілмейді?

Мемлекеттік кірістер органдары қарапайым азаматтарға алаңдамауға кеңес береді.

Тексерілмейтін аударымдар:

  • туыстар арасындағы ақша;
  • достарға көмек;
  • қарыз қайтару;
  • сыйлықтар.

Мұндай операциялар кәсіпкерлік қызметке жатпайды.

Неге бақылау енгізілді?

Негізгі мақсат – көлеңкелі экономиканы азайту.

Өйткені кей азаматтар тауар сатып, қызмет көрсетіп, бірақ төлемді жеке картаға қабылдап, салық төлемей келген. Сондықтан мемлекет мобильді аударымдар арқылы жасырын табысты анықтауды көздеп отыр.

Тексеріс қалай жүреді?

  • Банктер күмәнді операциялар туралы мәліметті салық органдарына береді;
  • Одан кейін камеральдық бақылау жүргізіледі;
  • Егер сұрақ туындаса, азаматқа хабарлама жіберіледі.

22 сәуір күні алғашқы хабарламалар азаматтарға мамыр айында жіберілуі мүмкін екенін жаздық.

Маңызды ескерту

Егер азамат тұрақты түрде ақша қабылдап, табыс тауып отырса, онда:

  • жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі;
  • салық төлеуі қажет.

Ал заңды бұзған жағдайда айыппұл немесе қосымша тексеріс болуы мүмкін.

Мобильді аударымдарға бақылау барлық азаматқа қатысты емес. Тек жүйелі түрде табыс табудың белгілері байқалған жағдайда ғана тексеріс жүргізіледі. Сондықтан қарапайым аударымдар үшін алаңдаудың қажеті жоқ, бірақ тұрақты табыс табатындар заң талаптарын сақтауы тиіс.

Бұған дейін мобильді аударымдар бойынша шекті сома өзгеруі мүмкін екені хабарланған болатын. Мобильді аударымдардың шекті сомасы қазіргідей 1 млн 20 мың емес, 1 млн 800 мың теңге болады деген болжам бар.

Белгілі болғандай, ең төменгі жалақы өссе, мобильді аударымдарға қойылатын талаптар да өзгереді.

Наверх