Мирзиёев Орталық пен Оңтүстік Азияны байланыстыратын теміржол жобасы туралы айтты

16 Шілде 2021, 13:27
2020
Бөлісу:
Мирзиёев Орталық пен Оңтүстік Азияны байланыстыратын теміржол жобасы туралы айтты

Ташкент, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстан астанасында «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» халықаралық конференциясы өтіп жатыр.

Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен ұйымдастырылған конференция жұмысына Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері, 44 елдің және 30-ға жуық халықаралық ұйымдардың делегациялары, беделді ғылыми-зерттеу және талдау орталықтарының басшыларының қатысуымен өтіп жатыр.

Бейбітшілік пен достықты, сенім мен тату көршілікті нығайту, елдеріміз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, ашық әрі сындарлы саясат құру Орталық және Оңтүстік Азияның барлық мемлекеттерінің ортақ мүдделеріне сай келеді, - деді Өзбекстанның Президенті Шавкат Мирзиёев.

Президент өз сөзінде осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған маңызды бастамаларға тоқталды.

Сондай-ақ конференцияда сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым мәні атап өтілді және ынтымақтастықтың экономикалық күн тәртібін кеңейтудің, кооперация мен екі өңір елдерінің инвестициялық өзара іс-қимылын тереңдетудің өзекті мәселелерін талқылау үшін жыл сайын өңіраралық форум өткізу ұсынылды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны тиімді әрі қауіпсіз байланыстыратын көлік-логистикалық инфрақұрылым құру мәселесіне ерекше назар аударды.

Біздің өңірлеріміздің өзара байланысының барлық архитектурасының негізгі элементі «Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолы болуға тиіс. Оның құрылыс жобасы, оның ішінде жетекші халықаралық қаржы институттары тарапынан кең қолдауға ие болды. Бұл теміржолдың құрылысы екі өңірдің транзиттік әлеуетін толық көлемде іске асыруға, қысқа маршрутты қалыптастыруға, жүктерді тасымалдау мерзімдері мен шығындарын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді, - деп атап айтты Мемлекет басшысы.

Одан бөлек, сауда, транзит және шекарадан өту саласында цифрлық өзара байланысты іске асыру бойынша нақты шаралар әзірлеу, бірлескен іс-қимыл стратегиясын қабылдау қажеттігі атап өтілді.

Бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасының өзектілігі артып келеді. Осыған байланысты Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының қолдауымен бірлескен шаралар бағдарламасын әзірлеу үшін өңірлердің ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуін өткізуді ұсынды.

Өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, терроризмге, экстремизмге және трансшекаралық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі шаралар да қозғалды.

Өзбекстан Президенті қоршаған ортаны қорғау мен «жасыл» экономиканы дамытудың маңыздылығы атап өтті.

Ғылыми, мәдени және гуманитарлық алмасуларды кеңейту достық пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты Термезде ЮНЕСКО қамқорлығымен Орталық және Оңтүстік Азияның тарихи мұрасы жөніндегі халықаралық форум өткізу ұсынамын, - деді Шавкат Мирзиёев.

Мемлекет басшысы ғылым, технология және инновация салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Ол бірлескен зерттеулер мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын ынталандырудың, сондай-ақ ғалымдар мен зерттеушілер үшін жеңілдетілген визалық режимді енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, халықаралық саммитке Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және басқа да қазақстандық делегаттар қатысып жатыр.

Еске сала кетсек, кеше Ташкентте екі күндік конференцияның жұмысы басталды.

Өзгелердің жаңалығы