Министр Сурдлимпиада ойыншыларын шығарып салды

26 Сәуір 2022, 15:11
1714
Бөлісу:
Министр Сурдлимпиада ойыншыларын шығарып салды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде 1-15 мамыр аралығында Кашиас-ду-Сул қаласында (Бразилия) өтетін XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық делегацияны салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.  Қазақстан командасында 57 спортшы, 28 жаттықтырушы мен спорт төрешілері бар.

Спортшылар: еркін күрес, грек-рим күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі, дзюдо, жеңіл атлетика және жүзу сынды 8 спорт түрінен сайысқа түседі. Ойындарға барлығы 100 елден 4 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарлануда, спорттың 20 түрі бойынша 200-ге жуық медаль жиынтығы ойнатылады.

Бұл сапардың алдында қажыр мен қайратты талап ететін дайындық жұмыстары– жаттығулар, жарыстар, іріктеу жарыстары болды. Сіздер қазірдің өзінде рухқа және жеңіске деген ерік-жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. Бүгін Сіздердің әрқайсыларыңыз жеңімпазсыздар. Алдағы жарыстарда сәттілік тілеймін. Сіздер көптеген жанкүйерлерді қуантып, елімізді лайықты таныстырасыздар деп сенеміз. Сәттілік,- деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Қазақстан құрама командасының сапында: таеквондодан 9 спортшы, еркін күрестен – 7, грек-рим күресінен – 8, каратэден – 1, үстел теннисінен – 4, дзюдодан – 11, жеңіл атлетикадан-10 және жүзуден 7 спортшы жарысқа қатысады.  Қазақстанның Туын көтеру құрметіне Самсунда (Түркия) өткен 23-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы, Әлем Чемпионатының және көптеген халықаралық турнирлердің жүлдегері Таеквондист – Аян Әбдіраш ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, Самсун қаласында (Түркия) өткен 23-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан командасы спорттың 8 түрінен (еркін күрес, грек-рим, дзюдо, таеквондо, каратэ, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі) бақ сынаған болатын. Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық 25 орынға ие болып, 1 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлде алды.

Айта кетейік, Халықаралық тыныш ойындар деп аталатын тұңғыш Сурдлимпиадалық ойындар 1924 жылдың жазында Парижде өтті. Кейінірек олар төрт жылда бір рет екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үзіліспен өткізілді. Қысқы Сурдлимпиада ойындары алғаш рет 1949 жылы Австрияда ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы