Министр Қайырбек Өскенбаев азаматтарды қабылдады

27 Сәуір 2022, 14:14
1599
Бөлісу:
Министр Қайырбек Өскенбаев азаматтарды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Министр Қайырбек Өскенбаев кезекті рет азаматтарды қабылдады, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Қабылдауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Орал қаласының тұрғындары жазылды. Өңірлерден өтініш берушілер ИИДМ басшысына сұрақтарын Zoom конференц-байланыс платформасы арқылы қойды.

Елорда тұрғыны Г.Сәкенқызы "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ лауазымды тұлғаларының орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты абайсыздық пен дөрекілік танытып, әрекетсіздік көрсеткендеріне шағымданды. Сонымен бірге жағдайды зерделеп, заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдауды сұрады.

Шымкенттік Т.Қараменов жаңа шағын ауданда бой көтерген көп пәтерлі үйлердің сапасыз құрылысына қатысты шағым түсірді. Оның айтуынша, кәріз және су құбырларына байланысты проблемалар орын алып, ал өз үйін жылу жүйесі мүлдем жұмыс істемейтінін тілге тиек етті.

Тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде әкімдік кезегінде тұрған зейнеткер М.Шаханов Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтерлер салуға көзделген қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесін көтерді. Сондай-ақ, ол коммерциялық нарықта тұрғын үйді жалға беруді субсидиялаудың жаңа бағдарламасы бойынша туыстарынан пәтер жалдауға неге тыйым салынғанын сұрады.

Кәсіпкер Д.Алтынбеков қауіпті жүктерді тасымалдауға қатысты сұрақ қойды. Ал, оралдық азамат Т.Досмағамбетовтің қойған сауалдары тұрғын үй саясаты төңірегінде болды. Ол сонымен бірге Батыс Қазақстан облысындағы автомобиль жолдарының жай-күйі мәселесін көтерді.

Министр азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, ведомство қызметкерлеріне әрбір жағдайды мұқият зерделеп, әділ әрі заңды шешім қабылдау бойынша тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, Қайырбек Өскенбаев Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басшылығына жақын арада Шымкентке барып, арнайы комиссия құруды және комиссия құрамына өтініш білдірген Т.Қараменовті енгізіп, тексеру жүргізуді тапсырды.

Азамат Т.Досмағамбетовке министр жол құрылысына қатысты мәселелерді шешу үшін жақын арада Батыс Қазақстан облысына қайта баруды жоспарлап отырғанын айтты. Қабылдауда көтерілген мәселелер өңір әкімімен талқыланатын болады.

Өзгелердің жаңалығы