Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда медицина қызметкерлері дәрі-дәрмектерді бұрынғыдай қолмен араластырады. Ал шетелдерде 90-жылдардан бастап дәрілік заттарды орталықтандырылған араластыруға арналған қызмет бар. Бұл біріншіден, медицина қызметкерін химиялық заттармен тікелей байланыста болудан қорғауға, екіншіден, дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, біздің елімізде Астана қаласының онкология орталығында мұндай бір ғана автоматтандырылған кабинет бар, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, жекелеген өңірлерде емдеу жүргізу үшін жағдайлар әртүрлі.
Мәселен, Қызылорда облысында онкология орталығы тозған ғимаратта орналасқан, палаталар көп орынды. Павлодар және Маңғыстау онкология орталықтарындағы заманауи креслолары, функционалдық төсектері бар жеке палатарды мысал ретінде алуға болады, - деді Ажар Ғиният.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ажар Ғиният ұлттық формулярға өте қымбат төрт онкологиялық дәрі алынғаны туралы айтқан болатын. Сондай-ақ обырды диагностикалау мен емдеудің 8 клиникалық хаттамасы қайта қаралып, жаңартылды.