Министр Маңғыстаудағы еңбек дауларына қатысты мәселе қалай шешіліп жатқаны туралы айтты

5 Қазан 2021, 11:37
10833
Бөлісу:
Министр Маңғыстаудағы еңбек дауларына қатысты мәселе қалай шешіліп жатқаны туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов хабарлады. Оның айтуынша, өңірде еңбек жанжалдарын шешу және болдырмау бойынша бірқатар жұмыс атқарылып жатқан көрінеді.

Айта кететін жайт, бүгінде Маңғыстау облысында 11 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірде орташа жалақы 353 мың теңгені құрайды.

Жыл басынан бері облыс бойынша 22 еңбек жанжалы тіркелді. Бұл тіркелген жанжалдардың жалпы санының 80%-ын құрайды. Қызметкерлер қоятын негізгі талап – мұнай сервистік кәсіпорындарда жалақы деңгейін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту. Бұл 22 еңбек жанжалының 21-інде кездесіп отыр. Бүгінде барлық еңбек дауы оң шешімін тапты, – деді Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, аутстаффинг, яғни тапсырыс беруші компаниядағы жобада жұмыс істеу үшін мердігер компанияда жұмыс істейтін маманды жалдау бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындар бойынша жеке мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі таңда осындай 44 кәсіпорынның 25 мың жұмыскері бар.

Қабылданып жатқан шаралар 2025 жылдың соңына дейін: еңбек жанжалдарының санын азайтуды, анықталған бұзушылықтардың үлес салмағын 20%-ға дейін төмендетуді, өндірістік жарақаттану деңгейін 10%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау туризмін дамыту арқылы 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар екендігі туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы