Министр: Білім алам деген адамға мектеп жеткілікті болуы керек

3 Желтоқсан 2021, 15:05
1189
Бөлісу:
Министр: Білім алам деген адамға мектеп жеткілікті болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім алушыларға асханалардағы, оқу кабинеттері мен спорт залдарындағы орындар жеткілікті болуы тиіс. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды. 

Министр әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысындағы білім беруді дамыту жөніндегі тапсырмалары жайлы жазды.  

Басты мәселелердің бірі — білім беру ұйымдары үшін сапалы инфрақұрылым құру мәселесі. Президент өңір әкімдеріне 1 мың мектеп салу үшін жер учаскелерін алдын ала бөлуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде жаңа мектептер ашуды көздейтін нормативтің орындалуын қамтамасыз ету жүктелді, - деп жазады ведомство басшысы. 

Сондай-ақ министр сыныптардың толтырылуы жөніндегі нормалардың бұзылып жатқанын да жасырмады. Бұл мәселе PISA халықаралық зерттеуінде білім сапасының төмен нәтиже көрсеткеніне әсер еткенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы сыныптардың толтырылуы жөніндегі қолданыстағы нормалардың бұзылуы мәселесіне баса назар аударды. Соңғы уақытта бұл — өзекті сұрақтардың бірі. Бір жағынан, сыныптардағы шамадан тыс тығыздық мәселесі оқушы орындарының тапшылығымен байланысты мәжбүрлі шешім болса, екінші жағынан, жергілікті білім беру бөлімдерінің бюджет қаражатын үнемдеуге деген ұмтылысынан туындаған жағдайлар анықталып жатыр. Үнемдеу мақсатында қабылданған мұндай шешім оқу сапасына теріс әсер етеді. PISA зерттеуінің нәтижелері де осының айқын дәлелі, - деп жазады ол. 

Асхат Аймағамбетов Президент мектептердің үлгілік жобасын әзірлеу барысында инфрақұрылым мен материалдық базаның оқушылар санына сәйкес болуына жете көңіл бөлуді тапсырғанын айтады. 

Білім алушыларға асханалардағы, оқу кабинеттері мен спорт залдарындағы орындар жеткілікті болуы тиіс. Өкінішке қарай, бұл жобаларға жергілікті құрылыс басқармалары тапсырыс беретін болғандықтан, білім беру үрдісі үшін көптеген маңызды аспектілер ескерілмей қалып отыр. Әр сыныпта мектеп бағдарламасына сәйкес дене шынықтыру сабағы аптасына 3 рет өткізілуі керек болған соң, спорт залдарының да саны жеткілікті болуы керек. Қазір көптеген мектепте спорт залдары жетіспейді, сондықтан мұғалімдер сабақты бірнеше сыныпқа бір уақытта өткізуге мәжбүр. Бұл міндет барлық материалдық-техникалық базаға қатысты жүктеліп отыр, - делінген жазбада.

Өзгелердің жаңалығы