Министр ауылдарды дамытуға қанша қаржы бөлінетінін айтты

19 Қазан 2021, 10:02
2505
Бөлісу:
Министр ауылдарды дамытуға қанша қаржы бөлінетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев алдағы 4 жылда ауылдарды дамытуға қанша қаржы бөлінетінін айтты.

Айтуынша, келесі 4 жыл ішінде 1,3 трлн теңге бөлінеді, оның ішінде «Ауыл-Ел бесігі» шеңберінде – 670 млрд теңге.

2025 жылға дейін даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл қамтылып, онда ауыл тұрғындарының 90%-дан астамы тұрады. Ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі кешенді тәсіл 2025 жылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, ауыл халқын сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, - дейді министр.
Ұлттық экономика министрі баяндағандай, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік барлық ауыл тұрғындары үшін қамтамасыз етіледі. Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жергілікті маңызы бар жолдардың 95% жақсы жағдайда болады.
12 мың шақырым инженерлік желілер салынадв және жаңғыртылады. 10 мың шақырым кент ішіндегі жолдар салынып, жөнделеді. Білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру шеңберінде ауылдық жерлерде 5 мың мектепті жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100% қамтылады. Сондай-ақ барлық ауыл мектебі білікті педагогтармен қамтамасыз етіледі, - деп атап өтті министр Әсет Ерғалиев Үкіметте.
Оның сөзінше, 1 095 нысанды салу және жаңғырту ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесі қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, ауылда спортпен айналысу және шығармашылықты дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 1 719 спорт және 1,5 мың мәдениет объектілері салынып, жаңғыртылады.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында 4,5 трлн теңге сомасына 934 инвестициялық жоба іске асырылады. 600 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тарту 70 мың отбасылық шаруашылық құруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есеге артады. 7 ірі жүйенің экожүйесін қалыптастыру есебінен 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыру қамтамасыз етіледі. 500 мың жұмыс орны құрылады, - деп толықтырды ол.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ете отырып, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін биыл ауылдарда қандай жобалар аяқталатыны айтылды.
Өзгелердің жаңалығы