Михаил Шайдоров олимпиада алтынынан кейін алғаш рет халықаралық мұз айдынына шығады

10 Қыркүйек 2026, 12:45
АВТОР
 olympic.kz 10 Қыркүйек 2026, 12:45
10 Қыркүйек 2026, 12:45
64
Фото: olympic.kz

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Братиславадағы Nepela Memorial турнирінде халықаралық маусымды ашады, деп хабарлайды Olympic.kz.

Жарыс 24-27 қыркүйек аралығында өтіп, 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series сериясына кіреді.

Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сырғанау сайысына қатысуға тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның санатында 29 мәнерлеп сырғанаушы өнер көрсетеді.

Олимпиададан кейінгі алғашқы халықаралық жарыс

Қазақстандық спортшы үшін Словакиядағы бұл турнир Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңістен кейінгі алғашқы халықаралық старт болмақ.

Ақпан айында Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сырғанауда қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алған еді.

Енді олимпиада чемпионы жаңа халықаралық маусымды Братиславада өтетін Challenger Series кезеңінен бастайды.

Бұған дейін фигурист 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетуді жоспарлап отырғанын растаған болатын.

Әлеуметтік желідегі оқырмандарымен сұхбаты барысында спортшыға келесі Олимпиадаға дайыналасыз ба деген сұрақ қойылды.

«Иә, әрине. Мен бұл бағытта тынбай жаттығып, бар назарымды соған тігемін», – деп жауап берді Шайдоров.

Еске салайық, 14 ақпанда Михаил Шайдоров Италияда өткен Milano Cortina 2026 қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. 
 
Ол қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, жапониялық Юма Кагияма (күміс) мен Шун Сатоны (қола) артта қалдырды. Бұл Қазақстан үшін тарихи жеңіс болды. Ол мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтынын иеленді.

Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Бұған дейін Шайдоров 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанған еді.

Сондай-ақ, 23 тамызда Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады.

Михаил Шайдоров әлемнің үздік үш мәнерлеп сырғанаушысының қатарына енді.

Тағы оқи отырыңыз:

Михаил Шайдоров 2030 жылғы Олимпиадаға қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Михаил Шайдоров пен Надежда Морозова Олимпиада үшін мемлекеттік сыйлықтар алды

Шайдоровтың жалақысына қатысты дау: Министр мәселенің қалай шешілгенін айтты

Наверх