Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мереке күндері тамақтан уланудың саны артатыны жасырын емес. Жіті ішек инфекцияларының негізгі себептері – тамақ дайындау технологиясының бұзылуы немесе мерзімі өткен тағамдарды жеу.
Өзіңізді жағымсыз тосынсыйлардан қалай қорғауға болады және жаңа жылдық демалыс күндері қандай шектеу шараларын сақтау керек? Бұл сұрақтарға Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жауап берді.
Жаңа жылдық мерекелерді жағымсыз тосынсыйлармен өткізбеу үшін азық-түлік өнімдерін бөлшек сауда орындарында ғана және оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болған кезде ғана сатып алуды ұсынамыз. Атауы, құрамы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары, сондай-ақ үйде дайындалған өнім туралы ақпарат болмаса, шығу тегі белгісіз өнімдерді сатып алудың қажеті жоқ, – деді Юрий Залыгин.
Бас санитарлық дәрігер мерекелік тағамдарды аз мөлшерде дайындауды және кремді кондитерлік өнімдермен, көп компонентті салаттармен, майонезбен және алкогольмен өте сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, спикер облыс тұрғындарын халық көп жиналатын жерлерден аулақ болуға және коронавирусты жұқтырмау үшін шектеу шараларын сақтауға шақырды. Пандемия басталғаннан бері аймақта коронавирустық инфекцияның 109 526 жағдайы тіркелді.
Демалыс күндері қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз "жасыл" мәртебесі болған жағдайда бірқатар объектілердің жұмысына жол беріледі.
Бұл ретте QR-коды бар бұқаралық іс-шаралар мен қоғамдық орындарға бару шектеу болып табылмайды, ол бүгінгі күннің ережесі. "Жасыл" мәртебе жеке қорғаныс құралдарын кию, қашықтықты сақтау және басқа да алдын-алу шараларын сақтаудан босатпайтының ескеру керек. Карантиндік талаптар әрбір азаматтың денсаулығына қамқорлықпен байланысты және өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты жақсартуға бағытталған, – деді Юрий Залыгин.