Мен рингке тек жеңу үшін шығамын - Данияр Елеусінов

27 Қараша 2020, 07:50
1685
Бөлісу:
Мен рингке тек жеңу үшін шығамын - Данияр Елеусінов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (9-0, 5 КО) намибиялық бұрынғы әлем чемпионы Жулиус Индонгомен (23-2, 12 КО) жекпе-жек алдында салмақ өлшеп, көз атыстырды, деп хабарлайды Sports.kz. 

Салтанатты шарадан кейін боксшы DAZN Boxing порталына алдағы жоспары жайында айтып берді.

- Қарсыласың бұл айқас ол үшін түк емес екенін, оңай жеңетінін айтты. Сен де оған жауап ретінде қиналмай ұтатыныңды жеткіздің. Неге оған сенімдісің, білуге бола ма?

- Маған бәрібір, бұл мен үшін маңызды емес. Өйткені, мен рингке тек жеңу үшін шығамын. Рингке шыққан соң Индонго іс жүзінде жаңағы сөзіне жауап беруге тиіс. Бұл оған оңайға соқпайтыны анық, ал маған түк емес.

- Қағаз жүзінде бұл - сенің спорт жолыңдағы ең күрделі айқас. Кейбіреулер саған мұндай жекпе-жекке шығуға әлі ерте деп жатыр. Өзің не ойлайсың?

- Мен өзіме сенімдімін, керемет сезімдемін. Мен бұған дайынмын. 

Еске сала кетейік, 27 қараша күні Американың Флорида штатындағы Seminole Hard Rock Hotel & Casino аренасында бокс кеші өтеді. Онда Елеусінов мен Индонго жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental белбеуіне таласады. 

Қазақстанда бұл кездесуді «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция астана уақытымен 06:00-де басталады. 

Айта кетейік, Данияр соңғы жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсан айында өткізіп, 5-раундта америкалық Алан Санчесті (20-5-1, 10 КО) техникалық нокаутпен жеңген еді.

Өзгелердің жаңалығы