Меморгандардың бюджет қаражатын басқару деңгейі төмен – депутат

7 Маусым 2023, 10:57
1060
Бөлісу:
Меморгандардың бюджет қаражатын басқару деңгейі төмен – депутат
Фото: BAQ.KZ Архив

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылы игерілмеген қаражат 325 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішінде бюджет бойынша қосымша 8 түзету, 1 нақтылау жүргізілген. Тек жүргізілген түзетулердің нәтижесінде 281 млрд теңгеге бюджет азайтылып, әкімшілердің шығысы 628,5 млрд теңгеге қайта бөлінген. Яғни Парламентте бюджеттің нақтылауын есепке алмағанда бұл шамамен 1 трлн теңге, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, бұл мәселе мемлекеттік органдардың, администраторлардың бюджет қаражатын басқару деңгейінің төмен екенін және бюджеттік тәртіптің ақсап тұрғанын көрсетеді.

Бұл Үкіметтің немқұрайлылығынан туындайтын тәуекелдерді болдырмау үшін қандай шара қабылдайсыздар? Үкімет бюджетті басқаруды өзі тәртіпке келтіре алмаса, онда заң деңгейінде, яғни Мәжілісте бюджетке түзетулер санын шектеу жөніндегі норма енгізу қажет пе? – деп сұрады ол Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан.

Өз кезегінде Жамаубаев депутаттың сұрағына жауап берді.

Қаржы министрі ретінде кез келген қаржылық тәртіпке немесе бюджетке қатысты ұсыныстың барлығын қолдаймын. Дегенмен сіз айтып отырған түзетудің барлығын нақтылау заң аясында жасалған. Ол қажеттілік пен нақты объективті себептерге байланысты. Қаржы министрлігінде мемлекеттік аудит комитеті бар. Осы комитет былтырдың өзінде 500,2 трлн бюджет қаражатына 2 300-ден аса аудиторлық іс-шара жүргізген болатын. Яғни Қаржы министрлігі де осы қаражатқа тиісті бақылау жүргізіп отырады, - деп айтты Қаржы министрі.

Өзгелердің жаңалығы