Мемлекеттік органмен соттасу: Қарапайым азамат өз құқығын қалай қорғайды?

Судья жаңа жүйенің азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөліне тоқталды.

 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 16:35
Бүгiн 2026, 16:35
126
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда әкімшілік әділет институтын енгізу азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды қараудың жаңа тәсілін қалыптастырды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы әрі судьясы Алтынай Дәулетова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы 2019 жылғы Жолдауында мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ерекше тетік ретінде әкімшілік әділетті енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Өйткені мұндай дауларда азаматтар мен мемлекеттік аппараттың мүмкіндіктері тең емес.

Алтынай Дәулетова 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енгізілгенін еске салды. Оның айтуынша, бұл құжат бұрынғы процессуалдық заңнама нормаларынан түбегейлі ерекшеленеді. Осыған байланысты Азаматтық процестік кодекстен мемлекеттік органдармен болатын сот дауларын реттейтін нормалар алынып тасталды.

Судьяның мәліметінше, жария-құқықтық дауларды қарау үшін Қазақстанда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Бұл соттар мемлекеттік органдар мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы дауларды қарайды.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі міндеті – әкімшілік істерді әділ, бейтарап әрі уақытылы қарап, азаматтардың бұзылған немесе дауланып отырған құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру, – деді Алтынай Дәулетова Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумының кулуарында берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі құқықтық құжаты саналады. Кодекс мемлекеттік органдардың азаматтармен жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуді көздейді.

Судьяның сөзінше, жаңа жүйе мемлекеттік органға қарсы сот процесін жүргізуге қатысты қалыптасқан түсінікті өзгертіп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін қалыптастырды.

Наверх