Мемлекетке қайтарылған жер әділ бөлінуі тиіс – Серік Жұманғарин

21 Қыркүйек 2023, 10:23
839
Бөлісу:
Мемлекетке қайтарылған жер әділ бөлінуі тиіс – Серік Жұманғарин
Фото: primeminister.kz

Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен игерілмей жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің дерегі бойынша 2022 жылдың басынан бері мемлекетке 8,3 млн га (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылдың өткен кезеңінде – 2,9 млн га) жер қайтарылды.

Тексеру қорытындысы бойынша Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 835,9 мың га аумақта жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 615 ұйғарым енгізді.

Бұдан бөлек, 271,5 мың га бойынша 183 іс сот органдарының қарауында жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша 797 жағдайда заңбұзушыларға жалпы сомасы 156,3 млн теңге айыппұл салынып, оның 68%-ы өндіріліп алынды.

Атап өту керек, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 689 мың га ауыл шаруашылығы жерлерін қайта игеруге кірісті.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, былтыр жалпы жерді ерікті қайтару үлесі 72,2% құрады. Биыл бұл үлес 62%-ға дейін төмендеді, бұл мәжбүрлеп алу көрсеткішінің өсуін білдіреді.

Әкімдіктер қабылдаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру туралы шешімдердің заңдылығына келетін болсақ, 2022 жылдан бастап тексеру қорытындысы бойынша 526,3 мың гектар бойынша 515 заңсыз шешім анықталды, оның 135-інің күші жойылды, қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Мұрат Теміржанов.

Пайдаланылмаған жерлерді қайтару процесі бірнеше маңызды факторлармен қиындайды. Негізгілері – талап қою шағымдарының рәсімдері бойынша соттармен келіспеушіліктер, 2022 жылы енгізілген Кәсіпкерлік кодекстің жаңа талаптарына байланысты бұрын берілген нұсқамалар бойынша бақылау тексерулерін жүргізу мүмкін еместігі және Жер ресурстарын басқару комитетінің өңірлік бөлімшелерінде адам ресурстарының жетіспеушілігі.

Биыл жер иелерінің өз учаскелерін және жергілікті атқарушы органдарды ауыл шаруашылығы жерлерін берудің заңдылығы бойынша пайдалану жауапкершілігі күшейтілді.

2023 жылғы наурызда жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін белгілеу бөлігінде ӘҚБтК-не өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң қабылданды.

2023 жылғы 8 қазаннан бастап 1 тамызда қабылданған жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры инфожүйесі шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары күшіне енеді.

Сонымен қатар Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, оған сәйкес мемлекеттік жер инспекторларының саны артады.

Жер біздің басқа да табиғи ресурстарымыз сияқты Қазақстан Конституциясымен халыққа тиесілі деп айқындалған. Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару мәселесі оларды мемлекеттік меншікке қайтару ғана емес, әрі қарай әділ бөлу болып табылады. Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын дамытуды ынталандыру міндетін нақты атап өтті. Бірақ егер ауылдарда жайылымдық жерлер болмаса, онда қандай даму туралы айтуға болады? Жерлер бюрократиялық кедергілерге байланысты пайдаланылмай қалмауы тиіс, оны ел экономикасы үшін жұмыс істету керек. Бұл мәселені тезірек және әділ шешудің басқа тәсілдері мен тетіктерін әзірлеу қажет. Барлық көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтап, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізу қажет. Ал әкімдіктерге өнеркәсіп, цифрлық даму, ауыл шаруашылығы министрліктерінің үйлестіруімен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын толтыру және өңірлік геоақпараттық жүйелерді іске қосу жөніндегі жұмысты жеделдету керек, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ жұмыс барысын бақылауды күшейту мақсатында Комиссия отырыстарын тоқсанына бір рет емес, ай сайын өткізу туралы шешім қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы