Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан мен Жапония өз әріптестігін 14 стратегиялық келісіммен бекітті

Бүгiн, 17:15
221
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.

Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ретіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан. Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болдық. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Жапония өз әріптестігін 14 стратегиялық келісіммен бекітті

Жапония премьер-министрі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Санаэ Такаичи.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы