Мемлекет басшысы рәміздер алаңын ашуды тапсырды

16 Маусым 2022, 16:37
1359
Бөлісу:
Мемлекет басшысы рәміздер алаңын ашуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. 

Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Айтуынша, ол жерде халықтың бірлігін көрсететін нысан болуы тиіс. 

Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы аяқталуға жақын. Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, депутаттар, қоғам белсенділері сөз сөйлеп, ел ішіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Өзгелердің жаңалығы