Мемлекет басшысы: Автожол саласына реформа қажет

14 Шілде 2022, 11:59
1383
Бөлісу:
Мемлекет басшысы: Автожол саласына реформа қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында мәлімдеді.

Айтуынша, автожол саласына реформа жасайтын кез келді. 

Келесі мәселе – автожол саласына қатысты. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті. Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде қызметкерлердің саны да қысқаратын болады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар ол аталған саланы кешенді түрде жаңғырту қажеттігін ұсынды. 

Жалпы, бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырту керек. FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізген жөн. Оны жүзден астам ел пайдаланып отыр. Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Мұндай жүйеге көбі қарсы болады. Бұл жерде министрдің және тиісті вице-премьердің нық ұстанымы қажет. Тұтастай алғанда, осы мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Оған Үкімет мүшелерін, Президент Әкімшілігі, құқық қорғау органдарының өкілдерін, депутаттарды қосқан жөн. Жарты жыл ішінде барлық кемшілікті, соның ішінде жемқорлықты және олқылықтарды түзетуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеп, маған баяндау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Өзгелердің жаңалығы