Мемлекет барлық БАҚ-қа тең қарауы керек – Иса Омар

16 Наурыз 2022, 20:01
3606
Бөлісу:
Мемлекет барлық БАҚ-қа тең қарауы керек – Иса Омар

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. БАҚ арасында шынайы бәсеке болуы үшін мемлекет барлық БАҚ-қа бірдей қарауы керек. БАҚ-қа деген қамқорлық та, көзқарас та тең болуы қажет.

 Журналист-жазушы, Шымкент қаласындағы «Замана» баспа үйінің директоры Иса Омар ҚР президенті Қ.Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына жолдауында БАҚ туралы айтқанына пікір білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауымен таныстық. Көптеген мәселе, көкейтесті тақырыптар қозғалды. Әйткенмен күткеніміз бұдан да көп еді. Бұған да шүкіршілік айтамыз. Ал енді өз саламыздағы мәселеге келсек, жолдауда БАҚ-ға қатысты арнайы әңгіме қозғалғаны назар аударарлық болды. Президент бұл туралы дұрыс мәселе қозғап, БАҚ арасында өзара бәсеке болуы керек екеніне мән берді. Міне, бұл – біздің ширек ғасырдан бері айтып келе жатқан мәселеміз. Шындығына келгенде, бізде БАҚ саласында шынайы бәсеке жоқ. Заң жүзінде барлық БАҚ бірдей болғанымен оларға деген көзқарас бірдей емес. Айталық, ресми БАҚ пен тәуелсіз ақпарат құралдары арасындағы жағдай жер мен көктей. Көптеген тәуелсіз газет-журнал қаржы тапшылығы салдарынан жабылып қалып жатыр. Олардың өз оқырмандары, аудиториясы қалыптасқан еді. Сонда оқырманның обалы кімге? БАҚ арасында шынайы бәсеке болуы үшін ең алдымен осындай әділетсіздікті жою керек. Заң бойынша олардың бәрі бірдей, демек көзқарас пен қамқорлық та тең дәрежеде болуға тиіс, - деді Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Иса Омар.

Айтуынша, БАҚ арасында шынайы бәсеке болуы үшін бірнеше әділетсіздікті жою керек.

Мұның басты себебі – ресми БАҚ болып саналатын ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан жыл сайын миллиардтап ақша бөлінеді. Базбір газеттерге бюджеттік мекеме қызметкерлерін зорлап отырып жаздырып, үлкен таралым жинап береді. Бірақ олардың көбі оқырман көңілінен шықпайды, яғни оқылмайды. Сонда мұндай көзбояушылық кімге керек? Ал тәуелсіз газеттердің көпшілігінде мұндай қамқорлықтың бірі де жоқ. Олар өлместің күнін көруге мәжбүр. Мен мұнда оппозициялық басылымдар туралы айтып отырған жоқпын. Кәдімгі қалың халық сүйіп оқитын газеттер жайында айтып тұрмын, - дейді Иса Омар.

Ол мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың орындалуына қатысты да ой айтты.

«Елімізде көптеген БАҚ «мемлекеттік тапсырыс» деген атаумен тендерге қатысып, бюджеттен қаржы алып жатады. Ал бұл мемлекеттік тапсырыстар әдетте қалай орындалып жүр? Жасыратыны жоқ, бұл қаржының орны жергілікті атқарушы билік өкілдерін, яғни әкімдерді жер-көкке сыйғызбай мақтап, олардың жүрген-тұрған, барған-келгенін баяндап беру арқылы жабылады. Міне, біздегі мемлекеттік тапсырыс атаулының сиқы осындай!Екінші бір мән беретін мәселе. Елімізде көптеген салаға орасан зор көлемде субсидиялар, қайтарымсыз қаржы бөлініп жатады. Алайда халыққа рухани нәр беретін, ақпарат жеткізетін, тіпті сана-сезімін оятатын халықтық газет-журналдарға бір тиын да субсидия берілген емес. Бұл туралы ойланып жүрген адам көрмедік. Егер мұны қазір қолға алса, әлі де кеш емес. Халықтың сүйікті басылымына айналған газет-журналдарға мемлекет тарапынан жәрдем беріліп жатса, артық болмас еді. Бұл, түптеп келгенде, оқырманға, қарапайым халыққа көрсетілетін жәрдем емес пе?».

«Замана» баспа үйінің директоры баспасөзге жаздыру бойынша мәселені атап өтті.

«Ал енді газет-журналдарға алдын ала жаздыру, «подписка» мәселесіне келейік. Бұл жерде де жатқан бір заң бұзушылық! Оқырман құқын аяққа таптау. Әсіресе, ауылды жерде мұғалімдер мен дәрігерлерді өзі қаламаған газеттерге жоғары жақтың нұсқауы бойынша зорлап жаздыру үрдісі әлі күнге дейін тоқтамады, керісінше үдеп кетті. Сондай «подписка» негізінен «мемлекеттік» деп саналатын газеттерде жүргізіледі. Сонымен бірге бұл тізімге еніп кететін кейбір тәуелсіз газеттер де бар. Бұл орайда, әрине, газет шығарушы мен жергілікті әкімдіктер арасындағы сыбайластық, жең ұшынан жалғасушылық өз дегенін істететіні анық»

Ол мемлекет меншігінде боп саналатын барлық медианы еркіне қоя беруді ұсынды.

«Президенттің бүгінгі жолдауында айтылған БАҚ арасындағы бәсеке мәселесіне орай біздің ойымызға осы жоғарыда айтылған жайлар оралды. Бұл саладағы шынайы бәсекені біз қолдаймыз және ертерек солай болғанын қалаймыз. Бұл қолына қалам ұстаған, шынайы кәсіпқой саналатын мыңдаған журналистің көздегені болса керек. Түйіндеп айтқанда, өркениетті, дамыған елдердегі сияқты біздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары бір заңның, бір қағиданың аясында өмір сүруі керек. Бұл үшін тіпті мемлекет меншігінде болып саналатын барлық газет-журнал, теледидар, радио, ақпараттық портал атаулының бәрін де өз еркіне қоя берсе, тіпті нұр үстіне нұр болар еді. Ертерек солай боларына сенгіміз келеді»

Айта кетелік, ширек ғасырдан бері жарық көрген, он шақты қосымшасымен есептегенде 100 мың данаға дейін таралған, өзін-өзі қаржыландырған «Замана» газетінің қағаз түріндегі нұсқасы биылдан бастап жарық көруін тоқтатты.

Бұл әрине жетіскеннен болған тірлік емес. Газеттің көптеген оқырманы бұл үшін үлкен өкінішін білдіріп жатыр. Егер мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, өкініште қалған мыңдаған оқырмандарды қайтадан қуанышқа бөлеуге болар еді, - деп сөзін аяқтады журналист-жазушы Иса Омар.

Өзгелердің жаңалығы