Мексикадағы Теотиуакан пирамидаларының жанында қарулы ер адам туристерге оқ жаудырды. Атыстан Канада азаматы қаза тауып, тағы бірнеше шетелдік жараланды, деп хабарлайды BAQ.KZ CNN-ге сілтеме жасап.
Мексиканың қауіпсіздік министрлігі хабарлағандай, ер адам туристер арасында танымал Теотиуакан археологиялық аймағында оқ жаудырған. Ол бір әйелді өлтіріп, тағы бірнеше адамды жаралаған. Содан кейін өзіне қол жұмсаған.
Полиция оқиға орнынан отты қару, суық қару және патрондар тәркіленгенін мәлімдеді.
Кем дегенде алты адам жараланды. Төртеуі оқтан жараланса, екеуі құлап қалу салдарынан зардап шеккен. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлады Мехико штатының билігі.
Әлеуметтік желілерде атыстан кейін адамдардың оқиға орнынан қашып бара жатқаны түсірілген видеолар пайда болды.
Мехико штатының қауіпсіздік хатшысы Кристобаль Кастаньеданың айтуынша, жараланғандар арасында Колумбияның екі азаматы, Канаданың бір азаматы және Ресейдің бір азаматы бар. Ол журналистерге қазіргі уақытта жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум федералдық, аймақтық және жергілікті билік органдары жаппай атысқа байланысты тиісті шаралар қолданып жатқанын мәлімдеді.
Бүгін Теотиуаканда болған оқиға қабырғамызды қайыстырды. Мен зардап шеккендерге және олардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын. Біз Канада елшілігімен байланыстамыз, - деді ол.
Мексиканың Сыртқы істер министрлігі де өзге елдердің елшіліктерімен байланыс орнатып, зардап шеккен шетелдік азаматтарға қажетті қолдау көрсету бойынша жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, Мексика биыл жазда миллиондаған қонақ келеді деп күтілетін футболдан әлем чемпионатын қабылдауға дайындалуда.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Луизиана штатында жаппай атыс болып, 8 бала қаза тапты.
Тағы оқи отырыңыздар:
Түркия мектебіндегі атыс: 4 адам қаза тапты
Шығыс Қазақстан облысында жас жігітті атып кетті
Стамбулда Қазақстан азаматы қаза тапты: Оқиғаның жай-жапсарына қатысты тың деректер