Медицина ұйымдарында 45 мыңнан астам бос жұмыс орны бар

Биыл өңірлік бөлу комиссиялары медициналық жоғары оқу орындарының 8 495 түлегін жұмысқа орналастыру мәселесін қарайды.

 pexels.com Кеше 2026, 23:54
Кеше 2026, 23:54
217
Фото: pexels.com
 
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарға РБЖ 2.0 ақпараттық жүйесіндегі кадрлық деректерді өзектендіру жұмыстарын бір ай ішінде аяқтауды тапсырды.

Бұл мәселе ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен саланы кадрлық қамтамасыз ету, медициналық мамандар даярлау және медициналық білім беруді дамыту мәселелеріне арналған жиында қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзекті әрі нақты деректер медициналық кадрларға деген қажеттілікті объективті бағалауға және кадрлық жоспарлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

РБЖ 2.0 жүйесіндегі мәліметтерді толық әрі сапалы өзектендіру саланың нақты кадрлық қажеттілігін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл денсаулық сақтау ұйымдарын мамандармен қамтамасыз ету мәселесін тиімді жоспарлауға, өңірлердегі тапшылықты нақты бағалауға және кадр саясатын жетілдіруге негіз болады. Сонымен қатар жас мамандарды өңірлерге тарту және оларды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, – деді министр.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 276 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 86,5 мыңға жуық дәрігер және 189,5 мың орта буын медицина қызметкері бар.

Сонымен қатар РБЖ 2.0 жүйесінің деректері бойынша дәрігерлерге қатысты 23 161 бос штаттық бірлік, ал орта буын медицина қызметкерлері бойынша 22 649 бос штаттық бірлік тіркелген.

Жиында өңірлердегі кадр тапшылығын азайту және әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы әлеуметтік қолдау шараларымен 1 760 дәрігер қамтылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам жоғары көрсеткіш. Оның ішінде мыңнан астам маман ауылдық жерлерде жұмыс істейді.

Сондай-ақ биыл өңірлік бөлу комиссиялары медициналық жоғары оқу орындарының 8 495 түлегін жұмысқа орналастыру мәселесін қарайды.

Наверх