Медеу, Шымбұлақ және Көктөбе уақытша жабылды

20 Маусым 2020, 11:27
4466
Бөлісу:
Медеу, Шымбұлақ және Көктөбе уақытша жабылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Солтанбаев онлайн брифинг барысында айтты.


Брифинг барысында ол, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қалалық Комиссия қабылдаған шешімге байланысты Медеу ауданында барлық сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, базарлардың, супермаркеттердің, фитнес орталықтардың қызметі екі күнге тоқтатылғанын мәлімдеді. 
Оның ішінде саябақтар, скверлер, бульварлар, жағалаулар және басқа да қоғамдық демалыс орындары жабық болады. Олардың қатарында халық ең көп баратын демалыс орындары Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе де бар,-деді ол. 

Медеу ауданында жалпы 19 сауда үйі мен ойын-сауық орталықтары, 2 базар, 17 супермаркет, 2 саябақ, 20 сквер және 31 фитнес орталықтары орналасқан. Осы екі күн ішінде жоғарыда аталған барлық нысандар жұмысын тоқтатып,  ол жерде санитарлық-профилактикалық және санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. 
Аудандық полиция қызметкерлері халық көп жиналатын жерлерде енгізілген шектеулерді сақтау бойынша патрульдеуді күшейтеді. Сондықтан шектеу іс-шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз,-деді әкім орынбасары. 

Сонымен қатар, ол қаладағы сауда нысандарының карантиндік нормаларды қалай сақтап жатқаны жайлы айтып өтті.
Қазіргі уақытта қаланың әр ауданы бойынша мониторинг топтары құрылған. Біздің ауданда осы уақытқа дейін 300-ден аса нысан тексерілді. Оның ішінде санитарлық нормаларды сақтамаған 114-ті жабылды. Олар толықтай дайын болған кезде қайта ашылады,-деді ол.



Өзгелердің жаңалығы