Мәжілісте жаңа депутат ант берді

4 Мамыр 2022, 10:06
1263
Бөлісу:
Мәжілісте жаңа депутат ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық корпус қатарына жаңадан қосылған депутат Зәкіржан Кузиев ант берді.

Мәжілістің төрағасы Ерлан Қошанов ҚХА сайлау нәтижесі бойынша Зәкіржан Кузиев Орталық сайлау комиссиясының қатысуымен Мәжіліс депутаты болып тіркелгенін айтты.

Конституциямызға сәйкес Парламенттің жаңа сайланған депутаты Қазақстан халқына ант береді. Осыған орай Мәжілісте ант беру үшін депутат Зәкіржан Кузиев мінберге шығып, ант берді.

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін, - деп жаңа депутат ант берді.

Мәжіліс төрағасы депутат Зәкіржан Кузиевті жаңа қызметімен құттықтап, әріптестері атынан сәттілік тіледі.

Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды.

Еске сала кетейік, Зәкіржан Кузиев 60,94% дауыспен мәжіліс депутаты болып сайланды.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын парламент мәжілісінен шығып қалған депутаты орнына сайлаудағы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Жалпы дауыс беруге 425 адам қатысқан. Соған сәйкес, Закиржан Кузиев 60,94% (259 адам) дауыс жинады. Оның қарсыласы Виталий Тварионасты 128 адам қолдап, 30,12% дауыс жинаған.

Өзгелердің жаңалығы