Мәжіліс Семей ядролық қауіпсіздік аймағына қатысты заңды мақұлдады

13 Сәуір 2022, 11:36
3203
Бөлісу:
Мәжіліс Семей ядролық қауіпсіздік аймағына қатысты заңды мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын мақұлдады.

Семей ядролық сынақ полигоны жабылғалы бері 30 жыл уақыт өтті. Сынақ аудандарынан тыс аймақтарда таибиғи ортадағы радиоактивті заттардың деңгейін зерттеу ол аумақтарда оңалту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін шаруашылық айналымға беруге болатынын көрсетті. Бірақ бұл үшін осы жерлерді зерттеу және оларды радиоактивті ластанған және таза деп бөлу тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет, - деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Сөзінше, қаралып отырған заң жобасының негізгі міндеттері - бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында және оған іргелес жатқан жерлерде радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету.

Заң жобасына сәйкес Семей ядролық қауіпсіздік аймағында негізгі қызмет түрлерін орындау үшін уәкілетті орган Семей қауіпсіздік аймағының операторын айқындайды. Және бұл Ұлттық ядролық орталық республикалық мемлекеттік кәсіпорын болады деп жоспарланып отыр, - деп айтты Жаңбыршин Мәжілісте.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағының операторы қандай функцияларды жүзеге асыратынына тоқтала кетті.

  • Семей ядролық қауіпсіздік аймағында ядролық қару таратпау режимін қамтамасыз ету;
  • Радиоактивті ластанған жерлерді оңалту арқылы ядролық қару, радиоактивті заттар және әскери техникалар сынақтары салдарының әсерін болдырмау;
  • Семей ядролық қауіпсіздік аймағының және ондағы инфрақұрылым объектілерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және т.б.

Еске сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» құрылатынын хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы