Мәжіліс келесі жылы да елдегі реформаларды тиісті заңдармен қамтамасыз етеді – Нығматулин

29 Желтоқсан 2021, 12:16
1419
Бөлісу:
Мәжіліс келесі жылы да елдегі реформаларды тиісті заңдармен қамтамасыз етеді – Нығматулин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палатаның 2021 жылғы соңғы жалпы отырысын өткізіп, қорытынды нәтижелерге тоқталды. 

Бүгін биылғы 2021 жылдың қорытынды жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Сол себепті осы жылдың және екінші сессиясының кейбір нәтижелеріне тоқталып өтейін, - деді спикер.

Палата төрағасы атап өткендей, Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толғанына аз ғана уақыт болды.

30 жылдың әрбір белесі біз үшін қайталанбас тарих. Осы жолда біздің Парламент өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып, еліміздің саяси,                             экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуының заңнамалық тірегі болып келеді. Біз қабылдаған әрбір құжат – ол ең алдымен, еліміздің экономикасын арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын, соның ішінде, өнеркәсіп, денсаулық, білім салаларын  жақсартуға арналып келеді. Сонымен бірге шағын және орта бизнес, экология мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Осының барлығы, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық тапсырмаларын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын сапалы заңдармен қамтамасыз етуге бағытталып отыр, - деп айтты Нығматулин.

Тағы ерекше айта кететін жағдай, Мәжіліс депутаттары осы сессияда «Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы», «Құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша» заң жобаларымен, сондай-ақ, «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша» жобаларымен және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы», «Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері», «Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша», «Биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша» заң жобаларымен жұмыс істеді.

Депутаттар сессия басталған уақыттан бері 80 заң жобасын қарады, олардың 39-ы мақұлданып, Сенатқа жіберілді. 25 заңға Мемлекет басшысы қол қойды. 
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, депутаттық корпус өз жұмысын белсенді атқарып, Үкімет сағаттары, комитеттердің көшпелі отырыстары және халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстел отырыстары өткізілді.

Отырысты қорытындылаған Мәжіліс төрағасы барлық фракциялардың, барлық депутаттардың бірлескен жұмысының арқасында, Парламент Мәжілісі ел басшылығының саясатын сапалы әрі тиімді заңнамалық қолдауды қамтамасыз ететінін, алдымызда әлі де көптеген маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Біз келесі жылы да қалыптасқан тәжірибені, мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздегі реформаларды және өзгерістерді тиісті заңдармен қамтамасыз етеміз деп сенеміз, - деп сөзін түйіндеді Нұрлан Нығматулин.

Өзгелердің жаңалығы