Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Тәжікстанға барды

15 Мамыр 2022, 11:00
1980
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Тәжікстанға барды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Тәжікстан Республикасына барды. Бұл туралы ол өзінің Telegram каналында жазды.  

Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы мүддесін ілгерілетудегі маңызды бағыттардың бірі. Осыған орай ресми сапармен Тәжікстан Республикасына барып, сол елдегі әріптестерімізбен кездестік. Сапар аясында Қазақстан Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Оли Мажлисі Милли Мажлисі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссияның алғашқы отырысы өтті, – деп жазды ол. 

Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Тәжікстанға барды

Сондай-ақ екі елдің өзара стратегиялық серіктестігі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонның достық қарым-қатынасына табан тірейтінін айтты. Екі ел президенттері қол жеткізген уағдаластықты іске асыру жолында парламентаралық байланыстың маңызы зор. Сондықтан Комиссия отырысында сенаторлар мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы мәселелерді шешуге ықпал етуге баса мән берді. Мәулен Әшімбаев көші-қон саясатына қатысты жұмыстар да әңгімеге арқау болғанын айтты.

Сонымен қатар Тәжікстанмен Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасына қол қойдық. Соған сәйкес, алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасу, Палаталар жанындағы жастар және сараптамалық құрылымдар арасында ынтымақтастық орнату, су ресурстарын тиімді пайдалану, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуге басымдық беріледі.

Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Тәжікстанға барды

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесуде еліміздегі қоғамдық-саяси реформалардың маңызына тоқталдым. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдумның да мәніне назар аудардым, – делінген жазбада.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомалимен кездесіп, экология мен трансшекаралық өзендерге қатысты түйткілдерді, қауіпсіздік мәселелерін және басқа да ортақ проблемаларды бірлесіп шешудің жай-күйін талқылағанын хабарлады. Сондай-ақ сапар кезінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткішке арнайы барып, отандастарымыздың рухына тағзым етті.

 

Өзгелердің жаңалығы