Мәулен Әшімбаев Франция сенаторларымен кездесті

3 Маусым 2022, 20:45
1249
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев Франция сенаторларымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Франция-Орталық Азия» достық тобының төрағасы Эрве Море бастаған Француз Республикасы Сенатының делегациясымен кездесті.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мәулен Әшімбаев әңгіме барысында еліміздің саяси жүйесін трансформациялауға бағытталған конституциялық реформа туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сенат Төрағасы ел Президентінің бастамасы бойынша жүзеге асқан барлық өзгерістердің түпкі мақсаты – қазақстандықтардың өмірін жақсарту, саяси бәсекелестік үшін жағдай жасау және әрбір азаматтың әлеуетін іске асыру екенін атап өтті.

Тараптар екі елдің парламентаралық қарым-қатынастарын одан әрі дамыту және тереңдетудің келешегін егжей-тегжейлі талқылады.

Екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін достық топтары парламентаралық диалогтың берік негізін құрайды. Біз «Франция - Орталық Азия» парламентаралық достық тобының қызметін толық қолдаймыз және оның жұмысы біздің парламентаралық байланыстарымызды ұлғайтуға елеулі үлес қосады деп санаймыз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында депутаттардың экономика, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастығын тереңдетуге жәрдемдесу мәселелері талқыланды. Сенат Төрағасы экология және трансшекаралық өзендер, соның ішінде Арал теңізі проблемаларын шешу жөніндегі түрлі елдер парламентшілерінің бірлескен күш-жігері қажеттігіне назар аударды. Ол бұған дейін Француз сенаторларының делегациясы – «Франция-Орталық Азия» достық тобының мүшелері Арал мәселесінің ауқымын зерттеу үшін Көкарал бөгетіне барғанын еске салды. 

Бұл бағыттағы өзара іс-қимылды қайта бастау маңызды деп санаймыз. Біздің елдеріміздің сенаторлары Арал экожүйесін қалпына келтіруге және өңірді орнықты дамытуға байланысты мәселелерді қарастыра алар еді, - деді Мәулен Әшімбаев.

Эрве Море өз кезегінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады. Ол сондай-ақ екі ел парламенттерінің ынтымақтастығын күшейтудің маңызына тоқталып, мұндай тәсіл экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да байланыстарды нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті. Француз парламентшісі сонымен қатар Арал тағдыры мен өңірдің тұрақты дамуының басқа да мәселелерін шешу бойынша бірлесіп жұмыс істеу қажеттігі туралы идеяны қолдады.

Өзгелердің жаңалығы