Мәулен Әшімбаев: Біз – елдіктің іргетасын бекемдей алған елміз

1 Мамыр 2023, 09:31
830
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев: Біз – елдіктің іргетасын бекемдей алған елміз
Фото: BAQ.KZ

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отандастарымызды Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тұрақтылықтың және бейбітшілік пен келісімнің мерекесі. Бүгінде өзара достықты ту еткен Қазақстан халқы ұлттық бірегейліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Шын мәнінде, біз – әралуандықты береке-бірліктің өзегіне айналдырып, елдіктің іргетасын бекемдей алған елміз, - деп жазды Сенат спикері.

Әшімбаев қазіргі таңда осы бірлігімізге сызат түсірмей, одан әрі нығайту – алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі екеніне назар аударды.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік әрі берік болуы үшін бұл жолда жұдырықтай жұмылу аса маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі мейрамның мәні зор, маңызы ерекше. Бірлік күнімен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық және құт-береке тілеймін! Егемен еліміз өсіп-өркендей берсін! Аспанымыз әрдайым ашық болсын! – деді Мәулен Әшімбаев құттықтауында.

Өзгелердің жаңалығы